Қазақстандықтар жаңа әдістермен ем алмай жүр - депутат

АСТАНА. KAZINFORM — Ескірген емдеу хаттамалары үлкен мәселеге айналды. Бұл туралы Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов мәлім етті.

хоспис
Фото: Александр Павский/Kazinform

- Әр адамды емдегенде, дәрігерлер арнайы емдеу хаттамасында көрсетілген дәрілерді пайдалануы тиіс. Ал емдеу хаттамалары уақытылы жаңартылмай жатыр. Клиникалық хаттамалардың шамамен 70 пайызы 5 жылдан 12 жылға дейін қайта қаралмаған. Қазір 1 жыл ішінде жаңа дәрі түрі пайда болады. Осыған байланысты қазақстандықтар жаңа әдістермен ем ала алмай жүр деп айтуға болады, - деді А.Аймағамбетов палата отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін талқылау кезінде.

Оның айтуынша, хаттамаларды бекіту процесінің өзі де өте күрделі. Кейде ол бірнеше жылға созылып кетеді.

- Тағы бір мәселе – тиімді препаратты тізімге енгізу үшін өндірушінің өтініші керек. Тиімсіздерді тізімнен алып тастау үшін де әзірлеушінің өтініші қажет. Былай қарағанда – парадокс. Бұл норма тиімсіз дәрілерді тізімнен тез шығаруға жасанды түрде кедергі жасау үшін енгізілген сияқты. Мысалы, тіркеу мерзімі өткен және тиімділігі төмен болған 409 препарат 4 жыл бойы формулярдан алынбаған... Мұндай ақылға сыймайтын жағдайдың себебі – министрліктің бұйрықтарындағы қарама-қайшылықтар, - деді депутат.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Жоғары аудиторлық палатасының төрағасы Әлихан Смайылов Қазақстанда азаматтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесіне жүргізілген мемлекеттік аудит нәтижесін жариялады.

Сонымен қатар Мәжілісінің жалпы отырысында депутат Асхат Аймағамбетов Қазақстанда дәріні тіркеу үшін өте күрделі бюрократиялық рәсімдерден өту керек екенін айтып, осы саланы сынға алды. 

Соңғы жаңалықтар