Қазақстандықтардың 73%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайды – сауалнама

Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты жүргізген сауалнама нәтижесіне сәйкес, азаматтардың 73,3 пайызы еліміз дұрыс бағытта дамып келеді деп есептейді. 

Қазақстандықтардың 73%-ы еліміз дұрыс бағытта дамып жатыр деп санайды – сауалнама
Фото: Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты

Мемлекеттік бастамаларды қолдаудың ең жоғары деңгейі жастар арасында –18-29 жас аралығындағы респонденттердің 82%-ы қолдаған. Бір қызығы, ерлерге (71,1%) қарағанда әйелдер елдің дамуына (75,3%) оптимистік көзқарас білдіріп отыр.

— Қоғамдық көңіл-күйдің маңызды көрсеткіші — халықтың ел Президентіне деген сенімі. Қоғамдық пікірді зерттеу нәтижесі бойынша ел халқының 76,4% Мемлекет басшысына сенім білдірді. Президентке деген сенімнің жоғары деңгейі жастар арасында — 84,6%, әйелдер арасында — 78,1% (ерлерде — 74,5%) байқалды. Ауыл және қала тұрғындарының сенім деңгейінде елеулі айырмашылық байқалмайды, тиісінше 76,8% және 76,1%, — делінген Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты хабарламасында.

Бұл ретте респонденттердің жартысынан астамы — 60,8% елдің алдағы бес жылдағы даму болашағын «өте дұрыс» және «едәуір дұрыс» деп бағалайды.

Бұл әлеуметтік оптимизм өмірге қанағаттану сияқты қоғамдық көңіл-күйдің көрсеткішінде де көрінеді. «Жалпы, сіз өз өміріңізге қаншалықты қанағаттанасыз?» деген сұраққа респонденттердің 57,3%-ы «толығымен қанағаттанамын» деп есептесе, 32,8%-ы «едәуір қанағаттанамын» деп жауап берген.

Сондай-ақ респонденттер елдің саясаты, экономикасы және қоғамдық өмірі туралы ақпаратты желілік БАҚ-тан (30,3%) және әлеуметтік желілерден (34,7%) алғанды жөн көретінін атап өтті.

18 жастан асқан 8 мың респондент қатысқан зерттеу 17 облыс пен республикалық маңызы бар 3 қаланы қамтыды. Сауалнама 2025 жылдың 20 наурызы мен 20 сәуірі аралығында халықтың әлеуметтік-демографиялық құрылымын көрсететін іріктеу бойынша жеке сұхбаттарды (CAPI) пайдалана отырып жүргізілді. 

Айта кетелік оқушының кітапты қаншалықты жиі ашатынын сауалнама арқылы анықтауға болады

Соңғы жаңалықтар