Қазақстандықтардың 76%-ы Ата заңның мазмұнымен таныс - ҚСЗИ
АЛМАТЫ. KAZINFORM – 25 тамызда Алматыда ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) «КИСИ GPS: GYLYM. PIKIR. SAYASAT» ұлттық сараптамалық алаңының отырысын өткізді. Жиын Конституцияның 30 жылдығына арналды.

Отырыста Ата заңның елдің саяси жаңғыруындағы және демократиялық институттарды нығайтудағы маңызы талқыланды. Сарапшылар әсіресе 2022 жылғы конституциялық реформаға назар аударды. Оның нәтижесінде Конституцияның үштен бірі жаңартылып, Парламент пен мәслихаттардың өкілеттіктері кеңейтілді, Конституциялық Сот құрылды және Президент өкілеттігі бір мерзіммен шектелді. Бұл өзгерістер қазақстандық мемлекеттіліктің және саяси жүйенің дамуының маңызды белесі ретінде бағаланды.
ҚСЗИ директорының орынбасары Алуа Жолдыбалина 2025 жылғы 11 шілде мен 12 тамыз аралығында жүргізілген жаппай сауалнама нәтижелерін ұсынды. Оған 17 облыс пен республикалық маңызы бар қалалар – Астана, Алматы және Шымкенттен 8 мың респондент қатысты.
Сауалнамаға сәйкес, азаматтардың 76,3%-ы Конституцияның мазмұнымен және негізгі ережелерімен таныс. Әсіресе жастардың хабардарлығы жоғары: 18–29 жас аралығындағы респонденттердің 79,1%-ы Ата заңды жақсы біледі немесе түсінікке ие. 30–45 жас аралығында бұл көрсеткіш – 77,5%, 46–60 жаста – 74,9%, 61 жастан жоғары топта – 72,5%.
Респонденттердің пікірінше, 2022 жылғы конституциялық өзгерістер заң үстемдігін нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Сауалнамада ұсынылған 15 бастаманың ішінде ең маңыздылары деп аталған үш бастама:
-
Президент өкілеттігін бір реттік 7 жылдық мерзіммен шектеу – 34,7%;
-
Жер және табиғи ресурстар халықтың айрықша меншігі деген норманы бекіту – 27,8%;
-
Конституциялық Соттың құрылуы – 23,9%.
Сондай-ақ азаматтар Мәжілістегі депутаттар санын 98-ге дейін қысқарту (14,6%), өлім жазасын толық алып тастау (13,4%), саяси партияларға мүшелікке шектеулер енгізу (13%), Адам құқықтары жөніндегі уәкілге конституциялық мәртебе беру (10,3%), Мәжілістің өкілеттігін күшейту (9,7%), әйелдерге, жастарға және мүгедектерге 30% квота енгізу (9,5%) сияқты нормаларды да атап өтті.
Реформалар аясында іске асырылған «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы ерекше назарға алынды. Бағдарламаға сәйкес Ұлттық қордың жыл сайынғы инвестициялық кірісінің 50%-ы 18 жасқа дейінгі балалардың жинақ шоттарына аударылады. Бұл «Әділетті Қазақстан» қағидаттарына сәйкес табиғи ресурстардан түсетін табысты әділ қайта бөлуді қамтамасыз етуге бағытталған.
Жалпы алғанда, зерттеу нәтижелері қазақстандықтардың реформаларға жоғары баға беретінін және олардың күнделікті өмірге оң әсерін сезінетінін көрсетті.
Отырыста сөз сөйлеген сарапшылар – ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Алматы қаласындағы филиалының директоры Айнұр Идрисова, ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институты директорының орынбасары Ермек Тоқтаров, ҚР ҰҒА Білім және қоғамдық даму ғылымдары орталығының жетекшісі Жеңісбек Төлен және басқа қатысушылар – конституциялық реформалардың табысты жүзеге асуы үшін құқықтық мәдениетті қалыптастырудың және Конституция қағидаттарын кеңінен насихаттаудың маңызына тоқталды.
Кездесу барысында Конституцияның елдегі демократияны орнықты дамытудағы рөлі, оның қағидаттарын талқылауға азаматтардың қатысуын кеңейту және бұл құндылықтарды күнделікті өмірге енгізудің өзектілігі атап өтілді.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада Конституцияның 30 жылдығы қалай атап өтілетіні хабарланды.