Қазақстандықтарға ескерту: жалған сот орындаушылары көбейіп барады

АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Әділет министрлігінің Мәжбүрлеп орындату комитеті азаматтарды алаяқтардың заңсыз әрекеттеріне қатысты ескертті. Соңғы уақытта өзін сот орындаушысы ретінде таныстырып, министрліктің эмблемасын заңсыз пайдаланатын жағдайлар жиілеген.

Италияда алаяқтар ЖИ көмегімен министрдің даусын салып, кәсіпкерлерден қомақты қаржы алған
Фото: Freepik

Комитеттің мәліметінше, алаяқтар азаматтарды банк шоттарын бұғаттау, мүлікке тыйым салу сияқты шаралармен қорқытып, «берешекті» жедел өтеуді талап етеді. Ведомство мұндай айла-тәсілдерге сенбеуге кеңес береді.

Атқарушылық іс жүргізудің бар-жоғын азаматтар өз бетінше тексере алады:

– https://aisoip.adilet.gov.kz сайтындағы «Борышкерлер мен тыйым салулар тізілімі» немесе «Атқарушылық құжатты іздеу» бөлімінде;
– жеке ЭЦҚ арқылы «Тараптар кабинеті» арқылы;
– «Азаматтарға арналған» бөліміндегі байланыс деректері арқылы сот орындаушысына тікелей қоңырау шалу арқылы.

Сонымен қатар ақпаратқа «Adilet» мобильді қосымшасы арқылы да қол жеткізуге болады.

Қосымша мәліметті Әділет министрлігінің және Жеке сот орындаушыларының республикалық палатасының ресми сайттарынан алуға болады.

Комитет тек ресми дереккөздерге сенуді, дербес деректерді үшінші тұлғаларға немесе күмәнді интернет-ресурстарға бермеуді ескертті.

Құқықтық кеңесті 119 нөмірі бойынша Саll-орталықтан, сондай-ақ 119 Kenesbot телеграм-арнасы немесе ҚР «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінің сайтындағы «Виртуалды кеңесші» айдары арқылы алуға болады.

Бұған дейін Қаржылық мониторинг агенттігі алаяқтықтың жаңа түрі туралы ескертті.

Соңғы жаңалықтар