Қазақстандықтарға скрининг пен екпе туралы 1414 арқылы хабарланады

АСТАНА. KAZINFORM — 19 қазаннан бастап Қазақстанның үш өңірінде азаматтарға скринингтен өту қажеттігі туралы SMS-ескертулер жіберіледі. Ал 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде салынған екпелер туралы хабарламалар таратылады.

телефон
Фото: pexels

Денсаулық сақтау министрлігінің хабарлауынша, пилоттық жоба 19 қазаннан бастап Ақмола, Абай және Ұлытау облыстарында іске қосылады. 1414 бірыңғай байланыс орталығы арқылы азаматтарға профилактикалық тексеруден өту қажеттігі туралы жеке SMS-хабарламалар жіберіледі.

Жүйе жүрек-қантамыр және онкологиялық ауруларды, қант диабетін, ми қанайналымының бұзылуын және вирустық гепатиттерді ерте анықтауға арналған алты бағыт бойынша тексеруден өтуі қажет азаматтарды автоматты түрде анықтайды.

Хабарлама алған азамат өзі тіркелген емханаға барып, скринингтен өте алады.

— 26 қазаннан бастап еліміздің барлық өңірінде азаматтарға салынған вакциналар туралы SMS-хабарламалар жіберу жоспарланып отыр. Екпе медициналық ақпараттық жүйеде тіркелгеннен кейін азаматқа немесе баланың заңды өкіліне вакцинаның атауы мен егілген күні көрсетілген хабарлама келеді, — делінген хабарламада.

Егер SMS-тегі мәліметтер шындыққа сәйкес келмесе, азамат 1414 нөміріне жауап хабарлама жіберіп, бұл туралы хабарлай алады. Түскен ақпарат тексеру үшін Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетіне жолданады.

Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтердің шынымен көрсетілгенін растауға мүмкіндік беретін пациенттерді цифрлық сәйкестендіру жүйесін де кеңейтіп жатыр.

2026 жылғы 7 қазандағы жағдай бойынша тіркелген 135,9 млн қабылдаудың 73%-ы цифрлық сәйкестендіруден өткен.

Қазір жүйе медициналық қызметтің 1 278 түрін қамтиды. Ал 1 желтоқсаннан бастап тізімге консультациялардың, диагностикалық зерттеулер мен медициналық емшаралардың тағы 736 түрін қосу жоспарланған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстанда өкпе обырын ерте анықтайтын жаңа скрининг іске қосылғанын жазғанбыз.