Қазақстандықтарға смартфонды ресми тіркеуге екі ай уақыт берілді
АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде мобильді телефондарды міндетті тіркеу 2025 жылдың 26 мамырына дейін ұзартылды. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі хабарлайды.

Еске салсақ, 2025 жылдың 25 наурызынан бастап, Қазақстанға әкелінген барлық мобильді құрылғы GSMA халықаралық базасында және мемлекеттік жүйеде міндетті верификациядан өтуі тиіс болатын.
— Бизнес өкілдерімен бірнеше кездесу өткізілгеннен кейін қосымша 60 күн уақыт беру туралы шешім қабылданды. Бұл импорттаушылар мен сатушыларға бұрын әкелінген, бірақ әлі сатылмаған құрылғыларды тіркеуге мүмкіндік береді. Осылайша, бизнеске барлық мобильді құрылғыны тіркеу үшін тағы екі ай беріледі. Құрылғыларды https://kz-imei.kz/ порталында заңдастыру қажет. Верификациядан өтуге 60 күн беріледі. 2025 жылдың 26 мамырынан бастап заңдастырылмаған құрылғылар мобильді байланысқа қосылу мүмкіндігінен шектеледі, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, министрлік жаңа ережелер тек өзгерістер күшіне енгеннен кейін елге әкелінген құрылғыларға қатысты екенін ескертеді. Қазақстанда қазір жұмыс істеп тұрған барлық мобильді телефон автоматты түрде «ақ» тізімге енгізіледі және шектеусіз жұмысын істейді.
Еске сала кетсек, жыл басында елімізде абоненттік құрылғылардың «ақ», «сұр» және «қара» тізімі пайда болатыны туралы хабарлаған болатынбыз.
Айта кетейік, смартфондарды тіркеудің жаңа ережесінің биыл 24 наурызға дейін сатып алынған абоненттік ұялы байланыс құрылғыларына еш қатысы болмайды.
Сондай-ақ смартфондарды тіркеудің жаңа ережесі құрылғылардың қымбаттауына әсері туралы жазған едік.
Жыл басында Мәжіліс депутаты Қазақстанға заңсыз әкелінген және тіркелмеген смартфондарды бұғаттауды ұсынды.