Қазақстандықтарға жалынды сәлем жолдаймын – Самғар Серікұлы
ЯБУЛИ. KAZINFORM – Шаңғы тебуден Қытай құрамасының спортшысы, ІХ қысқы Азия ойындарының жүлдегері, Қытайда туып-өскен қандасымыз Самғар Серікұлы Kazinform тілшісіне шағын сұхбат берді.

Спортшы бұл додада қазақстандық жанкүйерлердің қолдауын сезінгенін айтты.
– Мені қолдап-қуаттап жатқандарыңызды естіп жатырмын, өте қуаныштымын. Көп-көп рахмет айтқым келеді, барлықтарыңызға жалынды сәлем, - деді ол.
Сонымен қатар қандасымыз жүлдеден кейінгі әсерімен бөлісті.
– Бұл – алғашқы халқаралық додада жеңіп алған жүлдем. Сол үшін мен үшін оның мәні өте зор. Өз елімде жүлдеге қол жеткізгеніме қуаныштымын, - дейді Самғар.
Ол ендігі кезекте Олимпиадаға жолдама алуды жоспарлап отырғанын тілге тиек етті.
– Алда тағы ел біріншілігі бар. Сосын басты назарда – Милан Олимпиадасы. Жолдама алуға бар күшімді салып, жақсы нәтиже көрсетуге тырысамын, - деді қандасымыз.
Айта кетейік, Самғар Серікұлы Харбин қысқы Азиа ойындарында ерлер арасында шаңғымен сырғанаудан спринт бағдарламасында өнер көрсетіп, 2 минут 58.51 секунд нәтижемен қола медаль еншіледі.
Самғар Серікұлы 2005 жылы 10 қаңтар Қытайдың солтүстік-батысындағы Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі Алтай аймағы Алтай қаласында дүниеге келген. Ол 2023 жылы ел чемпионатында көзге түсіп, 2024 жылы Шыңжаң құрамасы сапында Қытай қысқы спорт спартакиадасының чемпионы атанған.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қытай құрамасының сапында ұлты қазақ 4 спортшы IX қысқы Азия ойындарына қатысып жатыр. Олар: Ақнар Адаққызы (конькимен жүгіру), Қанағат Мұхамедұлы (конькимен жүгіру), Баян Жалынқызы (шаңғы) және Самғар Серікұлы (шаңғы).