Қазақстанды әлемге танытуда Елбасының еңбегі өте зор

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, Елбасы беделін шетелге шыққанда да бірден сезінесің. Қазақстаннан келгеніңді білгеннен кейін-ақ қарапайым халық біздің Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін алдымен атайды. Осындай сәтте кеудеңді ерекше мақтаныш кернеп, бір серпіліп қаласың. Бұл - әрине, сонымен бірге Қазақстан халқының да беделі, мәртебесінің өскендігі.
Екіншіден, Елбасымыз өз елін дағдарыстардан да аман-есен алып шығып келе жатыр. Сырттан келген дағдарысты еңсеруде қаншама жоба қолға алынып, сан алуан іс атқарылып жатыр. Мысалы, бір ғана «Жол картасын» алайық. Біздің педколледжде қазір әрқайсысы үш айлық үш курста орта жастан асқан адамдар білім алып, екінші мамандықты игеріп жатыр. Мұның өзі - міне, олар үшін үлкен мүмкіндік.
Мемлекет басшысы дағдарыстан шығудың жолдарын көрсетіп, өз ұсыныс-пікірлерін төрткүл әлемге жариялап, басқалай да қадамдарымен дүние жүзінің дамуына да оң ықпалын тигізіп отыр. Осы орайда Елбасының көрегендігіне, парасаттылығына, шыны керек, таңғаласың, қатардағы әйел, ана, ғалымның бірі ретінде еріксіз риза боласың.
Үшіншіден, Елбасы туралы сөз қозғағанда, Астана туралы айтпай кету мүмкін емес. Бұрынғы Целиноград, Ақмола қандай еді, қазіргі Астана қандай! Көп адамның қарсы болғанына қарамастан, Елбасының тікелей бастамасымен осындай әсем қаланың жер бетінде орнауы - бүгінде, сөз жоқ, бүкіл елдің мақтанышы. Астанаға барған сайын жаңа зәулім үйлердің бой көтергенін көресің. Және ол ғимараттар сүреңсіз салынып жатқан жоқ. Жандарында балалар ойнайтын алаңға дейін бар, жарқырап, жайнап тұр. Елорданы жасыл қала жасаудағы Елбасының еңбегін де жұртшылық көріп отыр. Қазақстан астанасында қаншама әлемдік деңгейдегі жиындар өтіп жатыр. Тіпті түрлі діндер өкілдеріне дейін ортақ үстел басында бас қосып, мәмілеге келіп жатуларының өзі - жалпақ ел үшін ортақ мәртебе. «Осындай жарқын істердің басында Елбасы тұра беретініне біздің сеніміміз кәміл», деп қорытты ойын Шалқыма Құрманәлина.