Қазақстанды жарқын болашақ күтіп тұрғанына мен сенемін - Үндістанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ашок Саджанхар

АНА. Қаңтардың 22-сі. ҚазАқпарат /Марат Манасбаев/ - Қаңтардың 23-і мен 26-сы аралығында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанға мемлекеттік сапар жасайтыны бұдан бұрын хабарланған болатын. Осынау сапардың қарсаңында ҚазАқпарат тілшісі Үндістанның біздің еліміздегі елшісі Ашок Саджанхардан сұхбат алды.
None
None

- Аса мәртебелі Елші мырза, ертең Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Үндістанға сапары басталады. Жоғары деңгейде қандай мәселелерді талқылау пайымдалуда? Қандайда бір келісімдерге қол қойыла ма?

- Президент Нұрсұлтан Назарбаев Үндістанға мемлекеттік сапармен барады, сапар барысында ол кісі сондай-ақ Үндістанның Республика күні мейрамының Басты қонағы болады. Сапар барысында Қазақстан Елбасы Үндістан Президентімен және Премьер-министрімен, басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездеседі. Үндістан Президентімен, Вице-президентімен және Премьер-министрімен бірге Республика күніне орай өткізілетін парадты тамашалайды. Осындай маңызды шараға қатысу туралы Президент Назарбаевтың таңдауы біздің арамыздағы қарым-қатынастың стратегиялық маңызын және Үндістан мен Қазақстанның арасындағы байланыстарды әрі қарай нығайту мен кеңейтудің кемел келешегін паш етсе керек. Бұл Қазақстан Президентінің Үндістанға жасайтын төртінші сапары. Біз Президент Назарбаевтың Үндістанға сапарына өте қуаныштымыз. Президент Назарбаевтың бұл сапары, бұған дейінгілерден өзгешелеу болады, бұл жайт екі елдің соңғы бірнеше жылда 9-10 пайыз көлемінде экономикалық өсу көрсеткішіне қол жеткізуімен ғана емес, саяси, қорғаныс, стратегиялық, экономикалық, сауда-саттық, техникалық, ғылыми және мәдени қарым-қатынастарды дамыту және нығайту үшін бұрынғыдан да жақсы мүмкіндіктер беріп отырған ағымдағы өңірлік және халықаралық ахуалға да байланысты. Халықаралық қауіпсіздік пен лаңкестік екі елдің де алаңдаушылығын туғызып отырған мәселелер болып табылады. Энергетикалық қауіпсіздік - екі ел өзара тәжірибе бөлісе алатын тағы бір сала. Атом энергиясын бейбіт мақсат үшін пайдаланудағы ынтымақтастық - экономикалық және сауда-саттық байланыстарымызды тереңдету және жан-жақты дамытудың кемел перспективасын беріп отыр. Қазақстан бейбіт мақсаттағы атом энергиясын халықаралық деңгейде сату үшін күмәнсіз рұқсат алуда Үндістанды Халықаралық атом-энергетикалық агенттігінде және Атом энергиясы жеткізілімшілерінің тобында өткен келіссөздерде белсенді қолдады. Бүгінде Қазақстан уран рудасының әлемдегі екінші ірі өндірушісі болып табылады. Үндістан о бастан атом реакторларын дамытып келеді. Екі ел де осы салада өзара тиімді жағдайда табысты ынтымақтаса алады. Ел экономикаларына жайсыз әсер етіп отырған әлемдік қаржы дағдарысы мен экономикалық құлдырауға деген үрей екі елдің де алаңдаушылығын туғызып отырған тағы бір үлкен мәселе. Қазақстан әлемнің көпшілік елдерінен сәл ертерек, 2007 жылдың тамыз айында кездескен жаһандық қаржылық және экономикалық дағдарыстың әсерін азайту жөніндегі күрделі және тиімді шараларды қабылдап отыр. Әлемдік экономикадағы белсенділіктің басылуы дамушы елдерге салынған жекеменшік инвестициялардың азаюына әкеліп сқты. Үкіметтің инфрақұрылымдық жобаларға салып отырған инвестициялар мен жекеменшік секторға арналған салымдары экономикалық құлдырауды тоқтатады. Үндістан мен Қазақстан активтермен байланысты мәселелерді шешуде тәжірибе алмаса алады және кәсіпкерлердің өз әлеуеттерін экономикалық салаларға қарқын беру үшін қолдануларына көмектесе алады. Президент Назарбаевпен бірге Үндістанға үлкен бизнес-делегация да барады. Осы сапар барысында көптеген іскерлік келісімдерге қол қойылатынына біз сенімдіміз. Мұнай мен газ мәселесі де екі ел өзара тиімді ынтымақтаса алатын ең маңызды сала болып қала бермек. Үндінің ONGC Videsh Limited (OVL) компаниясы соңғы жеті жыл бойы «ҚазМұнайГаз» Ұлттық мұнай компаниясымен Каспий мұнай блогында барлау және мұнай өндіру туралы келісімді жүргізіп келеді. Қазақстан да мұнай химикаттары мен басқа да жанама өнімдер өндірісі үшін шикі мұнайды өңдеу мен тазартуда Үндістанның жинаған мол тәжірибесін пайдалана алады. Екіжақты ынтымақтастықты күшейтуде тамаша мүмкіндіктер беретін басқа да салалар бар. Ақпараттық технологиялар, фармацевтика және тоқыма өндірісі сияқты салаларға қоса, ғылым мен технологиялар, жоғары білім, энергия өндірісі, кен өнеркәсібі, азық-түлік өңдеу және ауыл шаруашылығы сиықты салаларда да өзара ынтымақтастықты тереңдетудің әлеуеті зор.

- Қазақстан мен Үндістанның экономикадағы және мәдени алмасу саласындағы екіжақты қарым-қатынастарының келешегі қандай? Осыған тоқталып өтсеңіз?

- Үндістан мен Қазақстанның арасындағы қарым-қатынас әрқашан тату-тәтті және тығыз болған. Екі ел де көп ұлысты, көп дінді, көп тілді және зайырлы мемлекет болып табылады. Екі ел де фундаментализмге, экстремизм мен лаңкестікке қарсы күресуде. Осы аталған мәселелер біздің қарым-қатынастарымыздың берік негізін қалап отыр. Біздің қарым-қатынастарымыз тек байырғы және тарихи ғана емес, нағыз өркениетті де. Арадағы байланыстарымыз біздің дәуірге дейінгі 500 жылдарды шамалайды, сақ тайпалары Оңтүстік Қазақстаннан Үндістанға келіп, үлкен империя құрған кезеңнен бастау алады. Кейіннен, буддизм Үндістаннан Орталық Азияға кірген кезде Ұлы Жібек жолы арқылы, сондай-ақ орта ғасырларда Бабыр Үндістанға келіп, ұлы Моғол империясын құрған кезде халық арасындағы байланыстар белсенді жүре бастаған. Ал бертінде Үндістан Қазақстанды тәуелсіз мемлекет ретінде таныған алғашқы елдердің бірі болды. Екі елдің арасында дипломатиялық қатынас 1992 жылдың мамыр айында орнап, ал 2007 жылы қарашаның 1-інде Үндістан Елшілігі Астанаға қоныс аударды. Біздің мәдениеттеріміздің де тамыры терең және әлі де қарқынды дамып келеді. Еш елмен салыстыруға келмейтін үнді фильмдері, үнді биі, музыкасы мен мәдениеті өмірге деген көзқарастары мен философияларының ұқсастығына байланысты қазақ халқының жүрегінде ерекше орын алады. Мәдени келісімдердің жасалуы өнер, музыка, би, театр, әдебиет, білім беру, спорт салаларындағы өзара байланыстарды дамытып, мәдениеттің барлық саласы бойынша өзара сарапшылармен алмасу мүмкіндіктерін арттыратыны анық. Үндістан мен Қазақстанның арасындағы экономикалық және сауда қатынастары жақсы дамып келеді. Дегенмен, мен біздің өзара іс-қимылдарымыз қолдағы бар әлеуетті толық қамтымай отырғанын айта кеткім келеді. Үндістан мен Қазақстанның арасындағы екіжақты сауда-саттық көрсеткіштері 2005 жылғы 120 миллион АҚШ доллары көрсеткішінен 2006 жылы 210 миллион долларға дейін өсті. Ал 2008 жылдың қараша айындағы мәліметтер бойынша, екіжақты сауда-саттық 332 миллион АҚШ доллары көрсеткішіне дейін жеткен. Екіжақты сауда-саттық алмасуды нығайтудағы ең үлкен проблема - Үндістан мен Қазақстанның арасында тікелей қатынас жолының жоқтығы. Қазақстан Үндістанға жақын орналасқан, бірақ кейбір елдердегі тұрақсыз жағдайларға байланысты Пәкістан мен Ауғанстан арқылы өтетін бағдарды пайдаланудың мүмкін болмауына байланысты, біз осы географиялық басымдықтан ешқандай игілік көре алмай отырмыз. Бірақ та біз осынау логистикалық мәселені шешу үшін бірнеше салалар бойынша Қазақстанда бірлескен кәсіпорындар құрудың мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. Осы тұрғыда Үндістанның Техникалық және экономикалық ынтымақтастық бағдарламасының (ITEC) өте маңызды және тиімді ролі туралы айта кеткім келеді. Бұл бағдарлама Үндістандағы оқу бағдарламаларының көмегімен қазақстандық қызметкерлер мен кәсіпкерлердің біліктіліктерін арттырудағы тамаша бастама болып табылады. Осы бағдарламаның аясында Үндістан жыл сайын қазақстандық мамандар, қорғаныс ведомстволарының қызметкерлері, кәсіпкерлер үшін 90-ға жуық грант ұсынады. Стипендиаттар түрлі салаларда, оның ішінде ақпараттық технология, ауызекі ағылшын тілін үйрену, бұқаралық коммуникациялар, қоршаған ортаны қорғау, білім беру саласын жоспарлау, банк ісі, қашықтықтан зондтау, тоқыма, фармацевтика және басқа да салаларда білім алып және өз дағдыларын жетілдіре алады. Біз Қазақстанның ұсынысы бойынша бұл бағдарламаның аясын, мазмұны мен мүмкіндігін кеңейте аламыз. Осы ойымды түйіндей келе, екі елдің арасындағы бүгінгі қарым-қатынастың үлкен қарқынмен дамып отырғанын айтқым келеді. Қазақстан соңғы 7 жылда, 2008 жылды қоспағанда, қарқынды даму көрсеткішіне қол жеткізді. Ел экономикаларының ағымдағы жағдайы барлық салалардағы екіжақты қарым-қатынасты алға қарай екпіндетуге мол мүмкіндік пен әлеует беріп отыр.

- Біздің елімізде Сіздің достарыңыз көп көрінеді. Қазақстан туралы, оның ішінде Астана туралы жеке әсеріңіз қалай?

- Қазақстан тәуелсіздік алған 17 жылдың ішінде қол жеткізіп отырған тамаша табыстарына мен қатты таң қалдым. Мен бұл жетістікті тек мұнай-газбен, табиғи ресурспен байланыстырмаймын. Мен бұл жетістіктерді Президент Назарбаевтың көреген саясаты мен халықтың қуатының, ынтасы мен табандылығының жемісі деп білемін. Астананы бүкіл өңірдегі ең әдемі қала ретінде дамытуға деген Президент Назарбаевтың талпынысына деген таңданысымды жасыра алмаймын. Түнгі Астана менің көзіме «ертегі еліндей» елестейді. Астана - инфрақұрылымы күннен күнге жақсарып келе жатқан заманауи қала. Ауасы таза. Климаты құрғақ, яғни денсаулыққа пайдалы. Астана - Еуропа мен Азияның түйіскен жерінде орналасқан және күннен күнге дамып келе жатқан заманауи елорда. Бәйтерек, Пирамида, салынып жатқан Хан Шатыр сияқты сәулет өнерінің ескерткіштері көздің жауын алады. Астананың дамуын бүкіл Қазақстанның дамуымен ғана салыстыруға болады. Астана - қазіргі заман талабына сай, сонымен бірге азиялық құндылықтар мен идеалдарды сақтап отырған Қазақстанның еуразиялық мемлекет ретінде орнын лайықты көрсетіп отыр. Қазақстан соңғы 17 жылда тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Мұның барлығы Президент Назарбаевтың дана саясатының, сондай-ақ қазақ халқының еңбексүйгіштігі мен табандылығының арқасында мүмкін болып отыр. Қазақстан - жас мемлекет. Елдің жас ұрпағы да қуатты, амбициялы және белсенді. Елдің қаржы дағдарысынан шынығып шығатынына мен кәміл сенемін. Қазақстан халқы өте қонақжай, таза және ықыласты халық. Қазақстанды жарқын келешектің күтіп тұрғанына мен сенімдімін.

- Келіп отырған Жаңа жылда өзіңізге, біздің халықтарымызға қандай тілектер айтар едіңіз?

- Қазақстан - Жаратушының нұры жауған ел. Ол бейбіт ел. Елдегі 130 этникалық қоғамдастық пен 46 діни бірлестік үйлесімде және өзара келісімде өмір сүріп отыр. Қазақстан - дана және көреген басшысымен бағы жанған ел. Президент Назарбаев қабылдаған барлық шешімдер, атап айтқанда, саяси саладағы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесі, ядролық қарудан бас тарту, т.б. шешімдер немесе экономикалық саладағы - «Қазақстан -2030» Стратегиясы, «30 корпоративтік көшбасшы», «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын құру, Стрестік активтер қоры, әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына кіруге бағытталған стратегия, бәрі-бәрі Қазақстанның бақуаттылығына әсер етіп отыр. Осы себепті Қазақстан тәуелсіздік алған 17 жылдың ішінде айтулы жетістіктерге жетіп отыр. Әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, Қазақстан сыртқы тауар айналымын 1/3-ге, яғни 94 миллиард долларға, капиталдар салымын орта есеппен 7,6 пайызға арттырып отыр. Президент Назарбаевты және Қазақстанның еңбексүйгіш халқын Жаңа жылмен құттықтай отырып, оларға елдің тыныштығын, орнықтылық пен ілгерілеушілік, сондай-ақ елдеріміздің арасындағы өзара ынтымақтастықтың гүлденуін тілегім келеді.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар