Қазақстандық 6 сарбаз БҰҰ-ның Батыс Сахара мен Кот-д'Ивуа́рдағы бітімгерлік шараларына қатысуда

Жалпы отырыс барысында депутаттар тарапынан «әлемдегі тартыс аймағына өз бітімгершілерін жіберетін 120 елдің арасында Қазақстанның орны қандай?» деген сауал қойылды.
Т.Мұхтаров 1948 жылдан бастап БҰҰ 69 бітімгершілік миссияны өткізгеніне тоқтала келе, қазіргі уақытта 16 миссия өтіп жатқанын, соған 107 мыңнан астам бітімгершілер қатысып отырғандығын жеткізді.
«Олардың арасында әскери қызметшілер мен азаматтық адамдар қамтылған. БҰҰ статистикасына қарасақ, бірінші орында - Бангладеш, екінші орында - Пәкістан, үшінші орында - Үндістан. Біздің елге тоқталатын болсақ, 2013 жылы 20 бақылаушыға Парламентпен келісім беріліп, қазір олардың арасында алтауы екі мемлекетте, яғни Батыс Сахара мен Кот-д'Ивуа́рда. Сол себепті 122 мемлекеттің ішінде 106-шы орындамыз», - деді Қорғаныс министрінің орынбасары.
Ол БҰҰ мәліметтеріне сүйене отырып, бітімгершілік операцияларға талап етілетін мамандар біріншіден, байланысшылар, медициналық қызметкерлер және инженерлер екенін атап өтті. Сонымен қатар бітімгершілік операцияларының тәжірибесі бойынша көбінесе жаяу әскерлер қызметкерлері пайдаланылады.