Қазақстандық актер Санжар Мәдиев ресейлік режиссердің фильмінде суперқаһарманды сомдайды

"Қорғаушылар" сұрапыл соғыс кезінде КСРО-да құрылған ұйым туралы баяндайды. "Патриот" құпия ұйымы Одақ құрамындағы ұлттардың арасынан суперқаһармандар жасағын құрады. Әр кейіпкердің бойында өз халқына тән қасиеттер болады.
Атап айтқанда, бұл туындыда Азия халықтарының өкілі, суық қаруды жетік меңгерген, түрлі шығыс жекпе-жек түрлерін білетін кейіпкер - Ханды Санжар Мәдиев сомдайды.
Ал Арсус - аюға айнала алатын кейіпкерді Қазақстанда дүниеге келген, қазір Ресейде еңбек етіп жүрген актер Антон Пампушный ойнайды. Лер - Кавказ халықтарының өкілі, ол тау-тасты бағындыра алады. Оны қазір Францияда жұмыс істеп жүрген актер Себастьян Сисак сомдайды. Су ішінде өзін еркін сезіне алатын қыз Ксенияның рөлінде - Алина Кизиярова.
Фантастикалық туындының түсірілімі биыл сәуір айының соңынан басталады. Ал премьерасы 2016 жылға жоспарланған, деп хабарлайды kinostan.kz.