Қазақстандық балуандар халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды (ФОТО)

БҚО ішкі істер департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, әлем кубогының кезеңі болып есептелетін, кіл мықтылар сынға түскен жарыста 57 келі салмақта департамент қызметкері, полиция аға лейтенанты, самбодан төрт мәрте әлем чемпионы Ерболат Байбатыров жеңіс тұғырына көтерілді. Финалда белорусь балуаны Владислав Бурдьті ұтқан Ерболат «Жеңіске деген жігері үшін» аталымымен қоса марапатталды. Сонымен қатар департаменттің тағы бір қызметкері, полиция аға лейтенанты, әскери самбодан өткен жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Темірлан Ихсанғалиев 82 келі салмақта топ жарды. Әскери самбо шебері Темірлан да финалда Беларусь елінің өкілі Евгений Алексиевичті ұтты.
Айта кетейік, халықаралық самбо федерациясының ресми сайтынан алынған мәліметке қарағанда, осы турнирде сондай-ақ Қазбек Сұпығалиев әскери самбодан 62 келі салмақта шешуші бәсекеде түркменстандық Ахмет Тәңірбердиевті тізе бүктіріп, чемпион атанды. Тағы бір батысқазақстандық Нұрбол Серіков спорттық самбодан 68 келі салмақта қола жүлдені еншіледі.