ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Иван Панфилов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ұлы Отан соғысындағы аңызға айналған қазақстандық батырлардың бірі - гвардия генерал-майоры, Қызылтулы 8-ші гвардиялық атқыштар (бұрынғы 316-ші) дивизиясының командирі Иван Васильевич Панфилов.
None
None

Ол 1893 жылы 1 қаңтарда Саратов облысындағы Петровск қаласында дүниеге келген. 12 жасынан жалдамалы жұмысқа жегіліп, 1915 жылы патша армиясына алынды. Сол жылы орыс-неміс майданына жіберілді.

Қызыл Армия қатарына 1918 жылы өз еркімен кірді. 25-ші Чапаев дивизиясының 1-ші Саратов жаяу әскерлер полкына қабылданды. Азамат соғысына қатысты, Дутовқа, Колчакқа, Деникинге және ақ поляктарға қарсы шайқасты. Азамат соғысынан кейін екіжылдық Киев жаяу әскер мектебін бітіріп, Орталық Азия әскери округіне жолдама алды, осында жүріп, басмашылармен күреске қатысты.

Ұлы Отан соғысын генерал-майор И.В.Панфилов Қырғыз КСР әскери комиссары қызметінде жүргенде қарсы алды. 1941 жылы Алматы қаласында жергілікті ұлт өкілдерінен 316-ші атқыштар дивизиясын құрып, соғысқа аттанды. 1941 жылдың қазан-қараша айларында Мәскеу түбіндегі қорғаныс кезінде Панфилов басқарған 316-атқыштар дивизиясының жауынгерлері Волоколамск бағытын қорғауда асқан ерлік көрсетті. Мәскеуді қорғауда Панфилов басқарған дивизияның батальон командирі, қазақ халқының ержүрек ұлы Бауыржан Момышұлының, жиырма сегіз панфиловшы-батырлардың даңқы шықты.

«Ұрыстың ең қиын жағдайларында да Панфилов бөлімдерді басқара отырып, парасатты басшылық етті. Үздіксіз айлап, Мәскеу түбінде ұрыс салған дивизия бөлімдері өздерінің позицияларын ұстап тұрумен қатар, жойқын қарсы шабуылдарға шығып, жаудың 2-ші танк дивизиясын, 29-шы моторлы, 11-ші және 110-шы жаяу әскерлер дивизияларын талқандады, 9000 жау әскері мен офицерлерін, 80-нен астам танкін, көптеген соғыс құралдары мен минометтерін жойды», - деп жазды Батыс майданының қолбасшысы, армия генералы Г.К.Жуков Жоғарғы бас қолбасшының Ставкасына.

Қолбасшылықтың жауынгерлік тапсырмаларын үлгілі орындап, жаппай ерлік пен батырлықтың үлгісін көрсеткені үшін 316-шы дивизия 1941 жылғы 17 қарашада Қызыл Ту орденімен марапатталды, ал келесі күні 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы атағына ие болды. Генерал-майор И.В.Панфилов 1941 жылы 18 қарашада Волоколамск түбінде ұрыс кезінде алған ауыр жарақаттарынан қайтыс болды, оның сүйегі Мәскеудегі Новодевичье бейітіне әскери құрметпен жерленді. Иван Васильевич Панфиловқа Кеңес Одағының Батыры атағы Мәскеу түбіндегі ұрыстарда дивизия бөлімдеріне шебер басшылық жасай отырып, өз басының жекелей ерлік пен батырлық көрсеткені үшін қайтыс болғаннан кейін 1942 жылғы 12 сәуірде берілді.

Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов Ленин, үш мәрте Қызыл Ту ордендерімен, «Жұмысшы-шаруа Қызыл әскеріне 20 жыл» медалімен марапатталған. Алматы облысының бір ауданы, Алматы қаласындағы көше И.В.Панфилов есімімен аталады, Алматыда 28-гвардияшы-панфиловшылар атындағы парк бар, онда батыр-генералға ескерткіш орнатылған.

Атақты қолбасшының өмірі мен қызметі жөнінде Б.Момышұлының «Генерал Панфилов», «Біздің генерал», Ф.Селифановтың «Панфиловшылар», П.Кузнецовтың «Кеңес Одағының Батыры И.В.Панфилов» , А.Усеновтің «Біз панфиловшылармыз» деген кітаптары жарық көрді.

Жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХІ сессиясында сөйлеген сөзінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай елордада генерал И.В.Панфиловқа ескерткіш орнату жөнінде тапсырма берді.

Соңғы жаңалықтар