ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Ізғұтты Айтықов

Ұлан тарихқа бай өңір. Міне, осындай ғажайып өлкенің Тарғын кентінің жанындағы Ұранхай өзенінің бойындағы шағын ауылында Ізғұтты дүниеге келген. Үлкендердің айтуы бойынша, сол түні қар жауып, жер аппақ көрпеге оранғандай болып тұрыпты. Дүниеге алғашқы немересі келіп, қуанышы қойнына симай тұрған Айтық ақсақал таңертең тұра терезеден далаға көз салса, ақ қарға бір ғана із түскенін көреді. «Немеремнің ізі құтты болсын, атын Ізғұтты қоямын», - деген шешімге келеді.
1941 жылы 22-маусымда неміс басқыншылары елімізге тұтқиылдан шабуыл жасап, соғыс ашқаны баршаға мәлім. Ер азамат топ-тобымен елін, жерін қорғауға майданға аттанды. Ізқұтты да екінші курстан соғысқа аттанды. Елтай Елғонның «Наймандар», «Жаһандық соғыстың ерлері», «Жеңіс жолында от кешкендер», орыс тіліндегі «От Алтая до Алаколя» деп аталатын еңбектерінің барлығы І.Айтықовқа арналып, оның өмірлік жолы мен ерлігін «Жұлдызыңа сен» повесіне біріктірген. Онда батырдың барлау қызметіне қалай келгендігі жайлы былайша баяндалады:
«Командирлердің ішінен орта бойлы, ашаңдау селеу шашты аға лейтенант шықты. Ол сапты асықпай жағалап жүріп, өзіне жауынгерлердің іріктей бастады. - Қай жерденсің? - Шығыс Қазасқтаннанмын. - Көрші болдың ғой. Аты-жөнін, білімін, мамандығын сұрады. - Сегіз класс бітірдім. Бір жыл педучилищеде оқыдым. Сосын кенші болдым. - Жақсы. Барлаушы болғың келе ме? Ізғұтты запастағы полкте жүргенде майданда қай бөлімде, кім болып соғысатыны туралы ойлаған жоқ. Сондықтан не деп жауап берерін білмеді. - Қолымнан келе ме? - Келеді. - Онда барайын. Міне, осылай Айттықов бірінші взводқа жіберілді».
Айтықовтың майдан жолы 1942 жылы жазда Сталинград түбінен басталады. Сөзге пысық, еті тірі жігіт көп өтпей-ақ көптің көңілінен шықты. Саяси білімнің молдығын тез аңғарған полк комиссары оны барлаушылар взводының комсомол жетекшісі етіп тағайындады. Артынша ол өзін алғыр барлаушы ретінде де жақсы танытты. Сталинград түбінде ғана ол 22 «тіл» әкеліп, 50-ден астам фашистің көзін жойды.
Батыр ұл сондай-ақ Калинин, Белгород облыстарының жерін азат етісті, Батыс Двина жағалауына дейін жетті. Жауынгерлік тапсырмаларды ойдағыдай етіп орындағаны үшін ол Қызыл Жұлдыз, I және II дәрежелі Даңқ ордендерімен, «Сталинградты қорғағаны үшін» медалімен наградталады.
1944 жылы маусымда 51-гвардиялық атқыштар дивизиясының бөлімдері Батыс Двинаға жетті. Плитовка Деревнясы үшін болған ұрыста І.Айттықов алғашқылардың бірі болып дұшпан шебіне басып кіріп, оның оқ шашқан бекіністі ошағын үш гранатымен тас-талқан етті, ауыр машинасы мен зеңбірегін істен шығарды. Першино деревнясы мен Ловша темір жол станциясын азат ету кезінде немістердің екі пулеметін жойып, қырыққа тарта дұшпан солдаты мен офицерін жайратты.
Гвардияшы жауынгер Батыс Двинадан өтерде де батыл қимыл көрсетті. Жанына ержүрек бес жігіт ертіп, Жаңбырша жауған оқ арасымен өзеннен өтіп, фашистердің бекінісін тартып алды да, алдымен взводтың, сонан соң дивизияның екі атқыштар полкінің өтуіне мүмкіндік жасады. Взвод жауынгерлерімен бірге отыз сегіз фашистің көзін жойып, төрт пулеметін олжа етті. Полоцкіге де алғашқылардың бірі болып кірді. Бірақ өте батыл операцияны орындау кезінде ерлікпен қаза тапты.
Айтықовтың ерлігі елеусіз қалмады. Ізғұтты Айтықовқа Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Литва жеріндегі батыр жерленген Зарасай қаласындағы бір көше біздің жерлесіміздің есімімен аталады. Белорусиядағы Полоцк қаласы ет комбинатының алдында Ізғұттының ескерткіші тұр. Батырдың туған жері Ұлан ауданында Ізғұтты Айтықов селосы да бар. Тарғын селосындағы орта мектеп те осы кісінің атымен аталады. Орыс ақыны Алексей Сурков «Совет Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовқа» деген өлеңінде: Су шайған құмдық жағаны, Айғыздан жатты оқ тесіп. Айттықов жүзіп барады Өзенде бейне от кешіп. Ерліктің оты жанады, Мақсаты одан жүз мықты, Ел үшін тыным алар ма - Қазақтың ұлы Ізғұтты! - деп жырлаған. Сондай-ақ облыстағы қалалар мен селоларда батыр атындағы көшелер бар. Бүкілодақтық Ленин комсомолының Орталық комитеті мен КСРО теңіз флоты министрлігінің шешімімен Николаев қаласындағы «Океан» зауытында жасалатын құрғақ жүк таситын ірі кемелер сериясына Ұлы Отан соғысында ерекше көзге түскен Кеңес Одағының Батыр комсомолдарының есімі берілетін болды. 1976 жылы зауыттан шыққан төртінші кеме «Ізғұтты Айтықов» аталып, ол Одесса мен Жапония аралығында жүк тасыды.