ҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАТЫРЛАР: Темір Масин
Қазіргі Жәңгір хан атындағы тарихи мектепте білім алған Темір Жантекеұлы кейін осындағы педтехникумды бітірді. Сосын мұғалімдік жолын бастаған ол бұл қызметте де белсенділігімен көзге түсіп, соғысқа дейін-ақ мектеп директоры, аудандық оқу бөлімінің меңгерушісі, МТС бастығының саяси жұмыс жөніндегі орынбасары қызметтерін атқарып үлгереді.
Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап-ақ майданға аттанған ол 1941 жылдың шілдесінен 1945 жылға дейін қатардағы жауынгерден майорға дейін көтеріліп, әскери жолдан өткен. 51-атқыштар дивизиясы 3-полкінде саяси жетекші болған ол үнемі алдыңғы шепке сұранумен болды. 1942 жылы кіші лейтенанттар курсын бітіргеннен кейін 922-атқыштар полкінің (250-атқыштар дивизиясы, 3-армия, 1-Белоруссия майданы) рота командирі болып тағайындалады. Темір Масин ұрыс барысында талай рет жүрекжұтқан қолбасшы екенін таныта білді.
1944 жылы маусымның 25-інде екі пулемет станогының расчеті және взвод жауынгерлерімен бірге ол Великая Ляда- Озерана (Рогачев ауданы, Гомель облысы) жолында немістердің қарсы шабуылына тойтарыс берді. Дегенмен өміріндегі ең басты да шешуші шайқасы 1944 жылы шілденің 1-інде өтіп еді.
Сол күні Могилев-Минск жолын Старомартьянов деревнясы тұсынан басып алу жөнінде бұйрық беріледі. Капитан Т.Масиннің ротасы өзі жүретін екі зеңбіректің көмегімен немістер орналасқан бекініске тұтқиылдан шабуыл жасап, жолды жаудан тартып алады. Күші басым жау стратегиялық маңызды нысанды қайткенде де қайтарып алу үшін үздіксіз шабуыл жасайды. Бірақ кеңес жауынгерлері бой бермейді. Рота жаудың сегіз қарсы шабуылына төтеп беріп, фашистерді үлкен шығынға ұшыратты: немістің 800 солдаты мен офицері мерт болып, 74 автокөлігі мен 43 мотоциклі істен шығады. Темір Масин басынан қатты жарақат алғанына қарамастан, қосымша күш келгенше ротаны басқарып, саптан кетпейді. Берілген жауынгерлік тапсырманы үлгілі орындағаны үшін Т.Ж.Масинге 1945 жылғы наурыздың 24-інде Кеңес Одағының Батыры атағы берілді.
Батыл командир Ленин, жауынгерлік Қызыл Ту, Даңқ ордендерімен, медальдармен марапатталған.
1945 жылдың шілдесінде гвардия майоры Т.Масин бейбіт еңбекке оралды. Ол Тайпақ аудандық партия комитетінің екінші хатшысы болып сайланды. Өзінің бар күш-жігерін соғыстан күйзелген елдің хал-ахуалын жақсартуға жұмсады. Осылайша өмір жолы жалғаса берер ме еді күтпеген жағдай килікпегенде.
1947 жылдың маусымында Азынабай-Тайпақ даласында жойқын өрт болды. Т.Масин барлық күш пен техниканы жұмылдыра отырып, өртпен аянбай күресті. Өрт сөндірілді, алайда Темір Масиннің өзі адамдарды құтқара жүріп, ауыр күйік алды, Дәрігерлердің қаншама күш салғанына қарамастан, 1947 жылғы тамыздың 8-інде қайтыс болды.
Батыр Орал қаласында жерленген, қабірі басына, сондай-ақ Бөкей ордасы ауданы орталығы Сайқын ауылында ескерткіш орнатылған. Қалада оның атында көше, Бөкей ордасы ауданында орта мектеп бар. Ақжайық ауданының Базартөбе ауылында батырдың мүсіні қойылған.
Оралдық белгілі журналист Тихон Әліпқали облыстық телерадиокомитетте жұмыс істеп жүрген кезінде Ұлы Жеңістің 30 жылдығы қарсаңында батысқазақстандық Кеңес Одағының Батырлары Сәлім Айтқұлов пен Николай Чуриковты Орал қаласындағы Темір Масин бейіті басында телехабарға түсіргенін айтады. Сонда Сәлім Неғметұлы: -Өртке шарпылған сәтіне де куәмін. Киімі түгел жанып кеткен. Тұла бойында сау жер жоқ. Жүресінен екі тізесін құшақтап, есі кіресілі-шығасылы теңселіп отыр екен. Батырлардың арасында да алабөтен, асқақ тұлғаланып тұратын еді-ау, жарықтық! - деп көзіне жас іріккен екен. Міне, Батырлар бір-бірін осылай қастерлей білген. Ендеше, Темір Масинді екі мәрте Батыр десе де болады.
Жыл сайын Жеңіс күні мейрамында батысқазақстандықтар Оралдағы Темір Масин мүсініне де тағзым етіп, гүл шоқтарын қояды.