15:56, 10 Ақпан 2009 | GMT +5
Қазақстандық бизнес дағдарыстың әсеріне әлі бейімделген жоқ ? ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті
АЛМАТЫ. Ақпанның 10-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Экономиканың қарқынды дамуында өмір сүрген қазақстандық бизнес әлі дағдарыстың әсеріне бейімделген жоқ.
Оны ҚР Сауда-өнеркәсіп палатасының президенті Ерлан Қожасбай бүгін Алматыда өтіп жатқан «Дағдарыс және оны жеңудің жолдары» деп аталатын конференцияда айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Біздің еліміз нарықтық экономикаға таяуда ғана енді. Бизнес қоғамдастық ақпараттық вакуумде қалды. Мемлекеттің алдағы уақыттағы экономикалық саясаты туралы толық мәлімет ала алмауда. Сарапшылар мен шенеуніктер дағдарысқа шағынады, бірақ оны еңсерудің ретін ұсынбайды. Қазіргі таңда кәсіпкерлер не істеуді білмейді. Сарапшылардың әртүрлі бағалаулары бойынша бизнестің 70 пайызға жуығы банкроттыққа жақындап қалды. Дамыған елдерде ірі корпоративтік бизнес күйреуде, экономиканы шағын және орта бизнес ұстап тұр. Бізде мемлекет ірі бизнесті сақтауға тырысуда, ал шағын және орта бизнес банкрот болуда», дейді Ерлан Қожасбай. Оның айтуынша, 1997-2007 жылдар арасында сыртқы заемдардың ағымы Қазақстанда жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 80 пайыздан астамын құрады. Ол тоқтаған кезде ЖІӨ-нің даму қарқыны бәсеңдеп, сыртқы заемдардың қайтуы бүкіл экономиканың тұрақтылығына қауіп төндірді. Сондықтан одан шығу үшін алдымен экономикалық дағдарысты мойындап, оны еңсерудің жолын барлық мүдделі тараптардың қатысумен бірлесіп жасау керек.