Қазақстандық делегация Дохадағы Бүкіләлемдік пошта одағының конгресіне қатысуда

ҚР СІМ-нің баспасөз қызметінен хабарлағандай, қазақстандық делегацияның құрамына ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің Байланыс және ақпараттандыру комитетінің төрағасы Ризат Нұршабеков бастаған ҚР Көлік және коммуникациялар министрлігінің және «Қазпошта» АҚ-ның өкілдері кірді.
Конгресс жұмысының барысында оның қатысушылары ұйым қызметінің негізгі бағыттары мен Бүкіләлемдік пошта одағының алдында тұрған өндірістік мәселелерді талқылайды. Бұдан басқа, БПО-ның бас директоры, сондай-ақ Әкімшілік кеңес және пошталық операциялар бойынша кеңеске сайлау өтеді. Сондай-ақ Бүкіләлемдік пошта стратегиясын - пошта одағы мен пошта нарығының барлық қатысушылары өз жұмысында қолданатын негізгі құжатты қабылдау жоспарлануда. Форум аясында пошта технологиялары мен филателистік көрме ұйымдастырылды.
Конгресс төрт жылда бір рет өткізіледі, оның бұған дейінгі отырыстары Будапештте (2004 жыл) және Найробиде (2008 жыл) өтті.