17:07, 18 Ақпан 2013 | GMT +5
Қазақстандық делегация Мәскеуде өтетін ШЫҰ-ға мүше-мемлекеттер Жоғарғы Соттары Төрағаларының кеңесіне қатысады
АСТАНА. 18 ақпан. ҚазАқпарат - 20-24 ақпанда Мәскеуде Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттер Жоғарғы Соттары Төрағаларының VIII кеңесі өтеді.

Бұл туралы бүгін Астанада өткен брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Келелі кеңеске Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының азаматтық және әкімшілік істер жөніндегі қадағалау сот алқасының Төрағасы Еліс Әбдіқадыров бастап баратын қазақстандық делегация қатысады.
Басқосуда тұтынушылар құқын қорғау, нашақорлық қылмыстар мен жемқорлыққа қарсы әрекеттерге байланысты істер талқыланады деп күтілуде. Сондай-ақ, Шанхай ынтымақтастығы ұйымына мүше-мемлекеттердің сот жүйелері арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін қарастыру көзделіп отыр.