Қазақстандық дойбышы жетінші рет әлем чемпионы атанды

ОРАЛ. ҚазАқпарат – Кранево қаласында (Болгария) дойбы 64-тен жас ерекшеліктеріне қарай жастар арасында әлем чемпионаты мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Дойбыдан БҚО құрамасының аға жаттықтырушысы Данияр Жұмагелдиевтің мәлім еткеніндей, дүниежүзілік додаға әлемнің 15 елінен 200-дей дойбышы қатысып, бақ сынады.

Чемпионат дойбының рапид, блиц және классика түрлері бойынша өткізілді.

Рапидтен Қазақстан қоржынына үш медаль түсті. Батысқазақстандық Алтынай Саматова 9 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанды.

14 жасқа дейінгілер арасында тағы бір батысқазақстандық Айбек Есенғалиев күміс жүлдеге ие болды. 20 жасқа дейінгілерден Түркістан облысының өкілі Есбол Еренғайып қоланы еншіледі.

Блицтен 27 жасқа дейінгілер арасында батысқазақстандық Алтынай Жұмагелдиева өз спорттық жолында жетінші рет әлем чемпионы болды.

А.Саматова тағы бір алтын жүлдені еншілесе, оралдық Тоғжан Тәжібекова 17 жасқа дейінгілер арасында екінші орынға көтерілді.


Классикадан да алдына жан салмаған А.Саматова өз жас ерекшелігіне сәйкес абсолютті жеңімпаз атанды. Т.Тәжібекова классикадан үздік шығып, өз спорттық жолында үшінші алтынына қол жеткізді. Ал А.Есенғалиев классикадан үздік үштікке ілікті.

Осылайша, Қазақстан құрамасы 5 алтын, 2 күміс, 2 қола медальді жеңіп алды.

Әлем біріншілігі кезінде ерлер мен әйелдер арасында командалық әлем чемпионаты да өтті. Құрамында Алтынай Жұмагелдиева мен Тоғжан Тәжібекова бар Қазақстан командасы блиц пен классикадан қола медальға ие болды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын батысқазақстандық қос дойбышының әлем чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар