Қазақстандық экспорт - индустрияландыру тірегі

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жаһандық дағдарыстың жағадан алған бүгінгі жағдайында әлемнің көптеген мемлекеттері тауар экспортына қатысты біршама қысым көріп отырғаны айқын. Әлемдік экономика тұрақсыз күйге түскен уақытта көптеген елдерде экономикалық өсім баяулап, бәсекелестік ұлғайып, тұтыну саябырситыны да анық. Әлемдік саудамен ықпалдастығы артып отырған Қазақстан үшін де экспорт мәселесі өзекті. Өйткені, әлемнің алмағайып ахуалы Қазақстанды сырт айналып өтпейтіні белгілі.
None
None

Дегенмен, қолға алған қолдау шараларының нәтижесінде Қазақстан экспорттаушы елге айналып келеді. Осыған байланысты кеше Орталық коммуникациялар қызметінде Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев дүниежүзілік рейтингтегі Қазақстанның экспорттаушы ел ретіндегі орны нақтыланғанын жариялаған болатын. Министрдің алға тартқан мәліметіне қарағанда, Қазақстан бүгінгі таңда 850 экспорт­тық тауарды сыртқа шығарып сатып келеді. Ал солардың 160-ы бойынша Қазақстан ТОП-50 экспорттаушы елдердің қа­тарына кірді. «Қазір бұл көрсеткіш бойынша 49-орында тұрмыз. Қазақстандық экспорттың географиясы ша­ма­мен 260 млн халықты қамтып отыр. Біздің тауарлар Ресейге, Орталық Азия елдеріне, Иранға, Қытайға және басқа да мемлекеттерге экс­порт­талуда», - дейді министр Әсет Исекешев.

Айта кетерлігі, Қа­зақ­стан дүниежүзінде сары фос­фор мен уран экспортынан бі­рін­ші орында тұрған көрінеді. Нақтылап айтқанда, сары фосфор бойын­ша әлемдік экспорттың 40 пайызы, ал уранның 46 пайыздық үлесі Қазақстанның еншісінде. Бұдан бөлек, титан саудасынан біздің еліміз әлемнің үздік үштігіне енсе, ұн экспортынан Түркиядан кейінгі екінші орында тұрмыз.

Тоқтала кететін жайт, Қазақстанда қолға алынған индустрияландыру саясаты отандық экспорттық әлеуетті жандандыруға біршама серпін беріп отыр. Нақтырақ айтқанда, Қазақстанның экспорттаушы ТОП-50 елдер қатарына енуіне де индустрияландырудың шарапаты зор болып табылады. Мәселен, мәліметтерге қарағанда, Индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының экспорт­­тағы үлесi 14 пайызға жеткен. Бұл негізінен индустрияландырудағы іске жаңа қосылған өндірістердің нәтижесінен орын алып отырған көрсеткіш. Яғни, бұның өзі индустрияландыру саясаты дер кезінде қолға алынып, жүзеге аспаған болса онда Қазақстанның экспорттық көрсеткіші әлі де он төрт пайызға төмен болып, үздік елу елдің қатарына кіре алмаған болар едік дегенді білдіреді емес пе?!

Баспасөз мәслихаты барысында Инвестициялар және даму министрі Әсет Исе­ке­шев алдағы уақытта экспорттық әлеуеттің арта түсетінін де жоққа шығармайды. Бұған себеп бірнеше алпауыт корпорация­лар Орталық Азиядағы филиалдарын Қазақстанға көшіруге ниеттеніп жатқан көрінеді. Айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев трансұлттық кор­по­рация­лар­ды үздік инвестициялық орталық ре­тінде Қазақстанға тартуды тапсырған болатын. Осыған орай, қа­зір бірнеше корпорация көрші ел­­дердегі ахуалды ескере отырып, фи­лиалдарын Қазақстанға көшіруге кі­рісе бастаған екен. «Ондай корпорациялар өздерінің кең­се­лерін Қазақстанда ашып, біздің елде отырып қызмет­терін барша Орталық Азия аума­ғын­да жүзеге асырмақшы. Бұл ком­па­ниялар қазақстандық әлеуетті салалар бойынша емес, жоғары технологиялар сала­сын­да жұмыс істейді», - дейді Әсет Исекешев.

Тағы бір тоқтала кететін жайт, бүгінгі таңда шетел­дік 18 компания Қазақстанға қайта инвестиция салуға мүдделі болып отыр. Бұл ретте ведомство басшысы Елбасының 5 институттық рефор­масын орындау мақсатында Қазақстанда қысқа мерзімге келген шетелдік инвесторларды ел экономи­ка­сын қайта инвестициялауға тартып жатқанын мәлімдеді. «Мәселен, «Лотте» компаниясы «Рахат» компаниясын сатып алса, біз түскен пайданы инвестор өз еліне алып кетпеуі үшін елімізде өзге фабрикалардың салынуына жағдай жасаймыз. Бүгінгі таңда шетелдің 18 компаниясымен қайта инвестиция­лауға қатысты келісім жасалды. Бұл бағыттағы жұмыс алдағы уақытта да жалғасатын болады», - дейді министр Әсет Исекешев.

Бұдан бөлек, алдағы уақытта Инвестициялар және даму министрлігі мемлекеттік қызметке шетелдегі жоғары білікті қазақстан­дық мамандарды тартуды жандандырады. Бұл ретте адамдар мемлекеттік қыз­метке оңай келуі үшін 1 қыркүйектен бастап министрліктің бөлімшелеріндегі бос орын­дар туралы ақпаратты сайтқа алдын ала жариялап отырады. «Дарынды, қабілеті ерекше және жоғары білікті мамандардың мемлекеттік қызметке келуі мейлінше маңызды. Осы мақсатта біз шетелдегі нағыз мықты маманды, ағылшын тілін еркін мең­герген біздің қандастарымызды осы жұмысқа тарту үшін кейбір салаларда жалақыны қайта қарауға да дайынбыз. Бізге ағылшын тілін меңгерген, шет мемлекеттерде қызмет атқарған, ашық әрі тиімді жұмысқа дайын азаматтар өте қажет. Біздің ми­нис­трлік кадрлардың келуіне әр­дайым мүдделі болатын. Қазір шамамен 50 «Болашақ» түлегі бар, тағы 34-ін біз оқуға жіберіп отырмыз», - дейді министр.

Тұтастай алғанда, осындай жұмыстардың барлығы алдағы уақытта елдегі индустрияландыру саясатын, қазақстандық экспорттық бағытты ілгерілетуді жандандыратыны сөзсіз. Жалпы, әлемдік ахуалға байланысты нарықтар тарылып, сұра­ныстар құлдырап, негiзгi экспорттық тауар­­лар­дың бағасы төмендеген тұста экспортты жүзеге асыру оңай емес. Дегенмен, Қазақтанда индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде шикiзаттық емес экспортты дамыту дер кезінде қолға алынып, индустрияландыру картасы аясындағы жаңа өндiрiстердiң экспорттағы үлесi 14 пайызды құрады. Болжаушылар ағымдағы жыл соңына қарай Қазақстанның экспорттық көрсеткіштері артатынын да бағалайды.

Мәселен, «KAZNEX INVEST» АҚ бас­қарма төрағасының орын­басары Мейіржан Май­кеновтің айтуынша, әр жылдың басындағы төрт айы компаниялардың келісімшарттары жаңарты­латын немесе қайта жасалатын кезі болып табылады. Сол себептен, барлығында іскерлік белсенділік төмендейді.

«Алайда, қазіргі кезде азық-түлік және жеңіл өнеркәсіптің, құрылыс индустриясының көптеген кәсіпорындарының өздерінің өнімдерін Орталық Азия елдеріне жеткізу бойынша ұзақ мерзімді шарттарды бекіту тұрғысында жоспарлары бар. Сондықтан жыл соңына қарай ахуал тұрақ­тайтын болады. Өйткені, бізде экс­порттық шарттарды арттырып, өнімді жеткізу жұмыстары басталады. Осы орайда, жыл соңына қарай оңтайлы статис­тика қалыптасады деп күтеміз. Десек те, орын алып отырған қиын­дық­тар­ды ескере келіп, экспорттық әлеуеті жо­ғары кәсіп­орындарды қолдау маңызды екенін айта кету керек», - дейді басқар­ма төрағасы­ның орынбасары Мейіржан Майкенов.

Соңғы жаңалықтар