Қазақстандық- еуропалық парламентаралық байланыстарды дамыту Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы теңқұқықтық әріптестік қағидасымен сәйкес келеді - Н.Нығматулин

АСТАНА. 2 маусым. ҚазАқпарат - Мәжіліс Спикері Нұрлан Нығматулин елімізге алғашқы ресми сапармен келген Еуропалық Комиссия төрағасы Жозе Мануэль Баррозумен Қазақстан және Еуропа арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады.
None
None

Кездесу барысында тараптар екіжақты қарым-қатынас іс-қимылдың жаңа деңгейіне көтерілгенін атап өтті.

Бұл туралы Мәжілістің баспасөз қызметі хабарлады.

Н.Нығматулин Еуроодақпен әріптестік қарым-қатынасты кеңейту Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сыртқы саясатының стратегиялық басым бағыттарының бірі екеніне тоқталып өтті.

Өз кезегінде Жозе Мануэль Баррозу Н.Назарбаевтың басшылығымен еліміздің үлкен жетістіктерге қол жеткізгенін атап өтіп, екіжақты қарым-қатынас үшін де, аймақта да, әсіресе тұрақтылық пен бейбітшілікті қамтамасыз ету мәселесінде Қазақстан Еуроодақ үшін маңызды ел екенін қадап айтты.

Бүгінде Еуроодақ - Қазақстанның ең ірі сауда және инвестициялық серіктесі. Қазақстанның сыртқы сауда айналымының 49,7%-ы Еуропалық Одақтың үлесіне тиеді. Қазақстан Еуроодақтың энерготәуелсіздік және энергоқауіпсіздік мәселелеріндегі стратегиялық әріптесі болып табылады.

Энергетикалық диалогты бірнеше бағыт бойынша дамыту қажет дей келе, Мәжіліс спикері «Болашақ энергиясы» ЭКСПО-2017 бүкіләлемдік көрмесін дайындауға және өткізуге Еуропалық Одақ елдерінің белсенді қатысатындығына сенім білдірді.

Тараптар ғылыми-зерттеу, технологиялық, инновациялық қызметтерде, білім беру, денсаулық сақтау, қоршаған ортаны қорғау салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға екі жақтың зор әлеуеті бар деген ортақ пікір білдірді.

Еуропалық Комиссия төрағасының айтуынша, Қазақстан Еуроодақпен кеңейтілген ынтымақтастық туралы Келісім жасасу жөнінде келіссөздер жүргізіп жатқан Орталық Азия аймағындағы тұңғыш ел. Талайды таң қалдырған біздің еліміздің қарқынды дамуы бұған себеп болып отыр. «Бұл келісім - келешек ұрпақтың құжаты», - деді Жозе Мануэль Баррозу.

Кездесу барысында парламентаралық ынтымақтастық мәселелеріне үлкен назар аударылды. Қазақстан парламентарийлері Еуроодақ елдеріндегі, сондай-ақ Еуропалық Парламенттегі әріптестерімен, соның ішінде «Қазақстан Республикасы - Еуропалық Одақ» парламенттік ынтымақтастық комиссиясы аясында да өзара тиімді іс-әрекет жасауда.

«Бүгінде комитет - бұл екіжақты қарым-қатынастағы жетістіктерді де, ерекше назар аударуды талап ететін мәселелерді де ашық форматта талқылауға мүмкіндік беретін пікірталас алаңы», - деді Нұрлан Нығматулин.

Жозе Мануэль Баррозу осы күндері Мәжілісте қаралып жатқан заң жобаларының тізімі, олардың маңыздылығы мен өзектілігіне қарап палатаның заң шығарушылық жұмысы халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізілуде деген қорытынды жасауға мүмкіндік береді деп атап өтті.

Мәжіліс Спикері мен Еуропалық Комиссия төрағасы парламентаралық байланыстарды одан әрі дамыту Қазақстан мен Еуроодақ арасындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты нығайтуға септігін тигізеріне сенім білдірді.

Соңғы жаңалықтар