Қазақстандық фототілшілер Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арнап фотокөрме ұйымдастыруда
Көрмені Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен «ФотоӨнер» ҚБ ұйымдастырып отыр. Бас серіктес - «Bank «RBK» АҚ.
Көрменің мақсаты - жиырма жыл уақыт аралығындағы фотосуретшілердің объективіне ілінген мемлекеттік, қоғамдық, саяси және рухани маңызы бар сәттер мен оқиғаларды келер ұрпаққа шежіре түрінде қалдыру.
Фотокөрме бірнеше кезеңмен өтуде. Оның біріншісі - 2011 жылдың 2-8 қарашасы аралығында Алматыдағы Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер мұражайында өтті.
Мерейтойлық датаға тура бір ай қалғанда, яғни 16 қарашада фотокөрме өзінің есігін елордасы Астана қаласындағы Президенттік мәдениет орталығында айқара ашып, қараша айының соңына дейін жалғасатын болады.
Ал мерейтойлы айдың бірінші онкүндігінде фотокөрме өнеркәсіптік орталықтардың бірі - Қарағанды қаласына аттанады.
Қорытынды кезең 10-20 желтоқсан аралығында Тәуелсіз Қазақстанның оңтүстік бекінісі - Шымкент қаласында өтетін болады.
«Тәуелсіздік тағылымы» («Избранное из истории Независимости») фотокөрмесінің нәтижесі бойынша осы аттас фотоальбом шығарылып, оған фотосуреттер мен тарихи шараны ұйымдастырған және қолдау көрсеткен тұлғалар енетін болады.
«ФотоӨнер» ҚБ-ның президенті Асылхан Әбдірайымның айтуынша, осы уақытқа дейін фототілшілер жас мемлекеттің басқан әрбір қадамын суретке түсіріп, тәуелсіз Қазақстанның фотошежіресін құрастыра отырып тәуелсіздігін алған халықпен бірге бір қатарда келеді.
Көрмеге маңдайалды 20-дан астам фототілшінің 200-жуық бірегей фотосуреттері қойылатын болады. Олардың арасында - ҚР Премьер-министрінің жеке фотографы Шүкір Шахай, ҚР Парламентінің фотографы Сайлау Майлыбаев, ҚР Қорғаныс министрлігінің фотографы Ермек Сарбасов, «ҚазАқпарат» агенттігінің фототілшісі Мұхтар Холдорбеков, «Айқын» газетінің фототілшісі Айтжан Мурзанов, ардагер фотожурналисттер Нұрғожа Жұбанов, Асылхан Бәген, Нұрманбет Қизатұлының фотосуреттері бар.