Қазақстандық ғалымдардың зерттеу нәтижелері шет елдердің де бизнесіне енетін болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шет елдерде қазақстандық технологиялар трансферті кеңселері құрылатын болады. Бұл туралы бүгін Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында Білім және ғылым вице-министрі Тахир Балықбаев мәлім етті. Еске салайық, комитетте «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық қайта құру және даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы талқыланған болатын.
«Өнімді инновацияларды ынталандыру жобасы аясында шетелдерде технологиялар трансфертімен айналысатын екі кеңсе ашуға ниеттіміз. Бұл үшін жұмыс істеп тұрған шетелдік кеңселер арасында арнайы конкурстар өткізетін боламыз. Ол кеңселер қазақстандық ғалымдардың зерттеу нәтижелерін шет елдердің бизнесіне енгізуді қарастырады. Сосын аталған кеңселер арқылы шет елдерде қажетті технологияларды да өзімізге тартуды қарастырамыз», - деді Т. Балықбаев.
Оның айтуынша, технологияларды коммерцияландыру кеңселерінің әлеуетін арттыру шаралары да қарастырылмақ. Мәселен, 2016-2020 жылдар аралығында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасына қатысатын жоғары оқу орындары аясында коммерцияландыру кеңселерінің әлеуетін арттыру көзделеді. Бұл мақсатқа 10 млн доллар бөлінеді. «Сонымен бірге, ұлттық инновациялық жүйені күшейту және институционалдық құрылымдардың әлеуетін арттыру мақсатында инновациялық талдаулар орталығы құрылады. Ондай орталықтарда тұтастай республикамыздағы инновациялық мүмкіндіктерге, инновациялық шаралардың тиімділігіне мониторинг жүргізіліп, оған бағалаулар жасалады. Бұл жұмыс Ғылым қорының негізінде жүзеге асады», - деді Т. Балықбаев.