Қазақстандық инвесторларға жаңа мүмкіндік: Абу Даби қор биржасымен келісім жасалды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Astana International Exchange (AIX) және Абу Даби қор биржасы (ADX) ынтымақтастықты нығайту және екіжақты қатынасты кеңейту туралы келісімге қол қойды. Тараптар Tabadul платформасы арқылы инвесторлар үшін биржаның қолжетімді болатындығына уағдаласты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Стратегиялық мақсатымыздың бірі – халықаралық экспертиза мен халықарылық қор нарығының мәдениетін Қазақстанға әкелу және шетелдік инвесторларды тарту. Бүгінгі жасалған келісім отандық инвесторларға жаңа мүмкіндіктер береді. Яғни нарыққа қатысушылар үшін мүмкіндіктер аясы кеңейеді. Жеке инвесторлар лицензиясы бар брокерлер арқылы екі биржада да сауда жасай алады. ADX-пен сауда қатынасы біздің мақсатымызға сай келеді. Сонымен қатар аталған келісім аясында Қазақстан мен Парсы елдері нарығы арасындағы байланыс нығая түспек», - деді AIX басқарма төрағасының міндетін атқарушы Әсел Мұқажанова «Astana Finance Days» конференциясы барысында.

Ұйымдастырушылар ұсынған мәліметке сәйкес, ADX өткен жылы шілдеде сауда-саттыққа өзара қол жеткізу моделіне негізделген цифрлық биржаның алғашқы өңірлік орталығы – Tabadul Hub-ты іске қосты.

Tabadul – мүше биржалар арасындағы өңірлік және жаһандық деңгейде сауда жасауға арналған цифрлық биржа алаңы. Жалпы, Tabadul – өзара сауда-саттық мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, қатысушы биржа нарығында ынтымақтастықты нығайтып, өтімділікті арттыруға бағытталған.

Еске салсақ, биыл қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ресми сапармен Біріккен Араб Әмірліктеріне барған еді.

Сапар аясында Қасым-Жомарт Тоқаев БАӘ Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен келіссөз жүргізді. Екі ел басшылары Қазақстан мен Әмірлік арасындағы стратегиялық серіктестікті дамыту перспективаларын, сондай-ақ маңызды салалардағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Айта кетейік, елордада қаржы саласындағы ірі оқиғалардың бірі – «Astana Finance Days 2023» конференциясы өтіп жатыр.

Аталған шара 2018 жылдан бері ұйымдастырылып келеді. Онда отандық және әлемдік қаржы салаларының өзекті мәселелері, үрдістері мен мүмкіндіктері талқылануда.


Соңғы жаңалықтар
telegram