Қазақстандық ипотекалық компанияны қаржыландыру кешігетін болса, Мемлекет басшысының тапсырмасы уақытында орындалмауы ықтимал

АСТАНА. 7 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақстандық ипотекалық компанияны қаржыландыру кешігетін болса, Мемлекет басшысының жалға берілетін тұрғын үйді 1 млн. шаршы метрге жеткізуге қатысты тапсырмасы уақытында орындалмауы мүмкін.
None
None

  Парламентте  «Халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің жай-күйі мен перспективалары» атты тақырыпта өткен парламенттік тыңдауда ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінің төрағасы Серік Нокин осылай мәлім етті.

Агенттік төрағасының сөзіне қарағанда, «Қолжетімді баспана» бағдарламасының перспективалық бағытының бірі - Қазақстандық ипотекалық компанияның желісі арқылы тұрғын үй салу.

«Осы бағыт бойынша жалға алушы 15 жыл бойы жалдау ақысын төлейді, онда 1 шаршы метрдің құны 1 мың теңге мөлшерінде болады. Шартқа сәйкес жалдау мерзімі аяқталғаннан кейін тұрғын үй жалдаушының меншігіне өтеді. Бұл ретте құрылыстың көлемін жылына 530 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланып отыр. 1 шаршы метрдің құны орта есеппен 100 мың теңге болады. Жалпы осы бағыт бойынша тұрғын үйді іске қосудың жоспарланған көлемі бұл жалға берілетін тұрғын үй құрылысының барлық көлемінің жартысын құрайды. Сондықтан 2013 жылы Бағдарлама бойынша Қазақстандық ипотекалық компанияның жарғылық капиталын 25 млрд. теңгеге ұлғайту көзделген болатын», - дейді Серік Нокин.

Алайда агенттік басшысының айтуынша, бюджетте осы қаражат шартты қаржыландырылатын шығыстарға кіреді. Яғни, 2013 жылы компанияны қаржыландыру атқарылмай қалып, келесі кезеңге ауысуы мүмкін.

«Компанияны қаржыландыру 2013 жылдың 1-тоқсанынан кешігетін болса, бұл Мемлекет басшысының жалға берілетін тұрғын үйді 1 млн. шаршы метрге жеткізу жөніндегі тапсырмасының белгіленген мерзімде орындалмауына алып келеді. Сондықтан, Қазақстандық ипотекалық компанияны міндетті қаржыландыру туралы мәселені қарастыру қажет», - деп атап өтті Серік Нокин.

Соңғы жаңалықтар