Қазақстандық кардиологтар литвалық әріптестерінен шеберлік дәрістер алуда

АСТАНА. Маусымның 21-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Каунас университеті (Литва) Кардиохирургия емханасының бір топ делегаттары жүрек-қан тамырлары патологиясы саласындағы мол жылдарғы тәжірибелерімен бөлісу үшін Астанаға келді.
None
None

Литвалық кардиологтар қазақстанның түкпір-түкпірінен келген әріптестеріне қан тамыры және клапандық патологиялары бар науқастарға халықаралық стандарттарға сәйкес диагностика жасау және оларды емдеу жөнінде дәрістер оқып, көрсетілімдік оталар жасайтын болады.

«Ұлттық ғылыми медициналық орталығында (ҰҒМО) соңғы алты жыл, ал бүгінгі күні бүтін республикада қан тамырлары мен жүректері ауыратын науқастарға ем-домдар, оның ішінде хирургиялық араласулар жасалып келеді. Қазіргі күні 14 облыста оталар жасалады. ҰҒМО-ның өзінде жылына 2 мыңға жуық ота жасалады, ал республика бойынша ол көрсеткіш 4 мыңнан асып жығылады», - деп атап өтті журналистермен өткен баспасөз мәслихатында аталмыш Орталықтың директоры Абай Байгенжин.

А.Байгенжиннің айтуынша, қазақстандағы кардиохирургия еуропалық стандарттарға көшіп қойғанымен, онда бірізділік жоқ. Себебі мамандардың білім алып келген оқу орындары бөлек. Олар көбінесе шетелдік білім ордаларына жүгінеді. «Сондықтан», - дейді Орталық директоры, «оларды бір стандарт бойынша өзімізде оқытқан дұрыс. Шетелдік мамандарды Қазақстанға сол себеппен де шақыртып отырмыз».

Статистикаға сәйкес, 2008 жылы дүние салған қазақстандықтардың барлық санының 54 пайызы немесе 80 мыңға жуығы жүрек ауруларынан қайтыс болған. Олардың дені еңбекке қабілетті, орта жастағы адамдар. А.Байгенжиннің сөзіне қарағанда, соңғы уақытта бұл қатарға жастар және туа біткен аурулармен дүниеге келген нәрестелер қосылуда.

Өз кезегінде Каунас университеті Кардиохирургия емханасының жетекшісі, профессор Римантис Бенетис, Қазақстанда денсаулық сақтау саласында жүзеге асырылып отырған саясатты құптайтынын жеткізді. Себебі кардиологиялық патология кеселдердің арасында әлем бойынша өзекті тұрған мәселе. Еуропа мен АҚШ-та және өмір сүру ұзақтығы жоғары Литваның өзінде, бұл аурудан қайтыс болған кісілердің көрсеткіші 50 пайыздың шамасында болып отыр.

Соңғы жаңалықтар