Қазақстандық киім өндірушілер қорғаныс саласындағы тапсырыстан тыс қалуы мүмкін
Айта кетсек, мәжілісмендер жақында ғана «Қорғаныс өнеркәсібі және мемлекеттік қорғаныс тапсырысы туралы» заң жобасын екі оқылымда мақұлдаған болатын. Ол құжат бойынша, жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық өндірушілер концорциумы қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындаудан шет қалған.
- Исидор Шамилович, жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық өндірушілердің концорциумының қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындалуынан заңды түрде шеттетілуіне қатысты қандай пікір білдірер едіңіз?
- Біріншіден, өздеріңіз білетіндей, біздің елімізде кәсіпкерлікті дамыту туралы Конституцияның 26-бабы 4-бөлігінде: «Республиканың әрбір азаматы кәсіпкерлікпен айналысуға құқылы» екені жазылған. Екіншіден, біздің Мемлекет басшысы елдегі кәсіпкерліктің дамуына қаншалықты назар аударып отырғанын өздеріңіз білесіздер. Осы жылдың 10 қаңтары мен 5 қазанындағы екі Жолдауында да Елбасы кәсіпкерліктің дамуына, әсіресе жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге маңыз беру керектігін атап өткен еді. Алайда қазіргі таңда екі оқылымда Мәжіліс жеңіл өнеркәсіп саласындағы отандық өндірушілердің концорциумы қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысты орындай алатын норма алынып тасталған заң жобасын қабылдады.
- Демек, Мәжілісте қаралмай тұрып, концорциумдар тиісті органдардың мақұлдауымен заң жобасында еніп тұрған болды ғой?
- Иә. Концорциум туралы заң жобасының бөлігін Үкімет қолдаған еді. Үкіметтің бұл қорытындысын Президент Әкімшілігі де мақұлданған. Концорциумның мүшелері заң жобасын әзірлеуде жұмыс тобының құрамында болды. Алайда жұмыс тобының кезекті отырыстарының бірінде концорциум мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындай алатын норманың алынып тасталғаны анықталды.
- Ендігі кезекте отандық өндірушілер қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырыстардың орындалуына қатыса ала ма?
- Азаматтық кодекстің 233-бабына сәйкес, концорциум - заңды тұлғалардың еркін бірлестігін құруға рұқсат бар. Алайда министрліктегілер мемлекеттік қорғаныс тапсырысы саласында заңды тұлғалар жеке, яғни концорциумға бірікпей жұмыс істей алады дегенге келтіреді.
- Қалай ойлайсыз, олардың бұл тұжырымға сүйенуінің себебі неде?
- Концорциумдар қорғаныс саласындағы тапсырыстарға қатыса алуы үшін ешқандай құқықтық кедергі болмауы керек.
- Аталмыш заң жобасы қабылданған жағдайда қандай мәселелер туындауы мүмкін?
- Егер компаниялар жеке-жеке мемлекеттік тапсырысты орындауға көшсе, жемқорлықты туындатар жағдайлар көптеп орын беріліп кетуі мүмкін. Осылайша, жеңіл өнеркәсіп саласында заңды тұлғалардың бірлестігіне қолдау білдірмеу арқылы мемлекет ары қарай Қытай мен Өзбекстаннан келетін шикізаттарға ақшасын жұмсай беретін болады.