Қазақстандық Конституция мемлекет пен қоғамның серпінді дамуын қамтамасыз ете отырып, барлық заманауи талаптарға жауап береді - академик Сұлтан Сартаев

АТЫ. Тамыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Серік Қойбағаров/ - Тамыздың 30-ында республика ҚР Конституциясы қабылданғанына 14 жыл толуын атап өтеді. Еліміздің Негізгі заңын жасау және оның Қазақстан азаматтары үшін рөлі туралы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР ҰҒА академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, заң ғылымдарының докторы, профессор Сұлтан Сартаев айтып берді. 
None
None

- Сұлтан Сартайұлы, Қазақстандағы конституциялық құрылыстың тарихы жөнінде әңгімелеп беріңізші.

- Кеңестік кезеңде бізде  үш конституция болды, олардың бәрі де әміршіл жүйенің талаптарына сай келді. Қазақ Автономиялық Кеңестік Социалистік Республикасының алғашқы Негізгі Заңы 1924 жылы қабылданды. Келесісі 1937 жылғы Қазақ КСР Конституциясы болды, ол 1936 жылы қабылданған сталиндік деп аталатын конституцияның негізінде қабылданды. Ол 1936 жылғы КСРО Конституциясының дәл көшірмесі болғанымен, құқықтар аясы тарылды. Бұл құжатқа кезінде 500-ден астам өзгертулер мен толықтырулар енгізілді, өйткені 1937 жылғы конституцияда министрліктердің, облыстардың және облыстық органдар құрылымының тізімі көзделген еді, сондықтан да оған үнемі толықтырулар мен өзгертулер енгізіп отыруға тура келді.

Қазақ КСР-інің 1978 жылғы конституциясы да 1977 жылғы КСРО негізінде дүниеге келді, кезінде ол «адамдық кейіптегі социализмнің конституциясы» деп дәріптелді. Мұнда да республикамыздың егеменді құқығы терең көрініс таба алған жоқ, ал заңда біздің республика егемен социалистік мемлекет деп жазылған болатын. Ал шындығында біздің республикамызда егемендік құқық болмады деуге болады - біздер үшін барлығын орталық шешіп отырды. Айтпақшы, республиканың барлық табыстарының 93 пайызы орталыққа жөнелтіліп отырды, ал республикамызда 7 пайызы ғана қалды, сондықтан да біздің республикамыз дотацияға қарап қалды. Әрине, бәрін сыпырып алғаннан кейін қалайша орталық өкімет қазанына қарап қалмасқа? Міне, біз осындай жағдайда өмір кештік. Тәуелсіздік алып, өзіміздің түтінімізді түзеп, терезесі тең ел болғаннан кейін ғана, 1993 жылғы ҚР Конституциясының арқасында  толыққанды дербес өмір сүре бастадық.

- Сіз елдің негізгі заңын жасауға елеулі үлес қостыңыз. Оның негізіне қандай ұстанымдар алынды?

- Мен 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясы мен 1993 жылғы ҚР Конституциясын жасауға қатыстым.  Ал 1995 жылғы Конституцияны жасауға комиссия құрамында тікелей қатысқан жоқпын. Дегенмен осы Конституцияның жобасын талқылауға белсене араластым. Бұдан басқа, мен негізгі заңнамалық актілерді жасауға араластым, олардың тұжырымдары 1995 жылғы Конституцияда әртүрлі формада көрініс тапты. 

Мен сондай-ақ көптеген іргелі заңамалық актілердің жобасын жасағанымды айтуға тиіспін, олардың арасында мысалға, 1990 жылғы сәуірдің 24-індегі ҚР Президенті лауазымын белгілеу туралы Заң бар. Бұл Заңда біз Президенттің құқықтары мен міндеттерін саралауға тырыстық. Алайда біз оның құқықтарын толық көрсете алмаған сияқтымыз, республика дамуының өтпелі кезеңіндегі міндеттері жеткілікті дәрежеде жіті көрсетілмеген болып шықты. Мұндай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы мемлекетіміздің алдында тұрған проблемаларды жедел шешу үшін жеткілікті өкілдіктері бар күшті көшбасшы болуға тиіс. Ал 1993 жылғы Конституцияға қатысты айтар болсақ, сол күннің талаптарына толықтай жауап бере алмады. Сондықтан да 1995 жылы бүкілхалықтық талқылау негізінде егемен тәуелсіз Қазақстан Республикасының екінші Конституциясы қабылданды. Бұл Конституцияда біз мемлекеттік өкімет билігін үш тармаққа жіті бөлдік: заң шығарушы, атқарушы және сот билігі. Онда Президентіміздің ауқымды өкілеттігі нақты белгіленді. Өтпелі кезеңде Президент ең көкейкесті мәселелерді тез және дер кезінде шешуі тиіс. Осы құжатқа сәйкес біздің Президент мемлекеттің барлық маңызды проблемаларын шешетін адам ғана емес, сонымен қатар республикамыздың Конституциясының кепілі болды. 

Конституцияға әртүрлі түрде енгізілген басқа негізгі заңдар ҚР-ның Мемлекеттік егемендігі туралы декларация мен Мемлекет тәуелсіздігі туралы Заң болды. Бұл құжаттарда біз бүкіл әлемге, ең алдымен демократиялық, құқықтық, зайырлы және әлеуметтік мемлекет құру талабымызды көрсеттік.  

- Бұл жұмыста Сіз қандай қиыншылықтарға кезіктіңіз?

- Біз жоғарыда көрсетілген құжаттарды жасау үстінде басқа мемлекеттердің тәжірибесін зерделеуге тиіс болдық. Бізде маңызды шетелдік мемлекеттердің жинақ түріндегі конституцияларының мәтіндері болды, біз оларды мұқият зерттедік. Бұдан басқа, біз «жазылмаған» конституция тәрізді бір құжат түрінде болмаған сол елдердің бөлек заңнамалық актілерін де зерделедік. Айталық, англосаксон елдерінде «жазылмаған» конституциялар бар. Олардың конституцияларының негізі Арыстан жүректі Ричард кезіндегі заңнамалық актілерде мазмұндалған. Сондықтан да біз оларды да зерттеуге тиіс болдық.  Міне содан кейін ғана біз республикамыздың маңызды заңнамалық актілерін жасауға кірістік. Бұл әрине, асқан ұқыптылықты және көп еңбек сіңіруді қажет ететін жұмыс еді.  

1993 жылғы Конституция бұдан бұрынғы барлық конституциядан гөрі демократияшыл болып шықты. Мен бір ай бойы бұл құжатты АҚШ-та насихаттадым, өзіммен бірге конституцияның ағылшын тіліндегі мәтінін тарату мақсатында алып жүрдім. Сегіз штатта болдым, сенаторлармен, Конгресс мүшелерімен, ғылыми орта және қалың жұртшылық өкілдерімен кездесулер өткіздім. Американдық сенаторлар бұл конституцияны сол уақытқа қатысты өте демократияшыл құжат ретінде таныды. Олардың кейбіреулері біздің конституция бірқатар мәселелерде АҚШ конституциясынан гөрі демократияшылдау деген пікірлер айтты. 

- Бүгінгі күндері конституциялық үдеріс қалай дамып отыр?

- Маған жаңа Конституция қабылдана ма немесе қазіргі қолданыстағы конституцияға түзетулер мен толықтырулар енгізіле ме деген сұрақты жиі қояды. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді өмірдің өзі талап ететінін айтуға тиіспін. Өйткені, өмір бір орында тұрмайды ғой. Егер уақыт өзгертулерді талап ететін болса, біз оны енгізетін боламыз. Мәселен, бүгінгі таңда сайлау жүйесіне өзгертулер енгізу қажеттігі туралы мәселе пісіп-жетіліп келе жатқан сияқты. Бұл орайда белгілі бір толықтырулар мен өзгертулер болуы мүмкін, бірақ та оның бәрі осы конституция шегінде жүргізіледі.

Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар енгізілмейді деп үзілді-кесілді айтуға болмайды. Егер өмір талап етіп отырса, түзетулер оған енгізілуі мүмкін.

- Елдің Негізгі заңы бүгінгі заманауи талаптарға қаншалықты жауап береді?

- ҚР Конституциясы мемлекет пен қоғамның тұрақты дамуын қамтамасыз етеді. Біз оның және одан бұрынғы конституциялардың арқасында республикамыздың тұрақты және бейбіт дамуын қамтамасыз ете алдық. Барлық бұрынғы кеңестік республикалардың бәрінде қантөгісті жанжалдар болғаны белгілі, құдайға шүкір, біз елімізде тыныштықты сақтап қалдық. Бұл ең алдымен, біздің конституциямыздың аясында әрекет ететін Елбасымыздың сіңірген еңбегі. Біз республикамыздың конституциялық кеңістігінде өмір сүріп, еңбек етіп жатырмыз. әзірге біздің Конституциямыз барлық заманауи талаптарға жауап береді деп сеніммен айта аламын.

Бүгінде Конституция өмір сүріп, салтанат құруда. Осы Конституция кеңістігінде 14 жыл бойы өмір сүріп келеміз. Еліміздің Негізгі заңы одан әрі өмір сүре береді, өйткені оның барлық әлеуеті әлі сарқылған жоқ деп ойлаймын. Бұл Конституция азаматтардың кең құқықтарын қамтамасыз етеді, өйткені ол ең алдымен республикамыздың азаматтарының мүддесін қорғайды.  

- Сұхбатыңыз үшін рахмет!

«ҚазАқпарат» анықтамасы: Сұлтан Сартайұлы Сартаев 1927 жылы қазанның 15-інде Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында дүниеге келген. Заң ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері. Алматы мемлекеттік заң институтын бітірген. 1949-1952 жылдары - Мәскеу мемлекеттік заң институтының аспиранты. 1955 жылдан бастап С.Киров атындағы ҚазМУ-дың кафедраларын басқарды, 1962 жылы заң факультетінің қазақ бөлімін ашуға мұрындық болды. 1992 жылы оның бастамасымен Қазақ құқықтану және халықаралық қатынастар институты ашылып, 2007 жылға дейін оған басшылық етті. 500-ден астам ғылыми еңбектер мен жарияланымдардың авторы. Бүгінде ол сондай-ақ Қазақ байырғы халықтар мен этникалық азшылық халықаралық қорының президенті және Қазақстан заңгерлері қауымдастығының вице-президенті.

Соңғы жаңалықтар