Қазақстандық контентті дамыту елдің ақпараттық қауіпсіздігін арттыра түседі - С. Қозыбаев (ФОТО)

Оның айтуынша, қазіргі әлемдік қаржы дағдарысы аясында елдің ақпараттық қауіпсіздігін арттыру үлкен маңызға ие.
«Қазақстанда бүгінгі таңда 4 240 бұқаралық ақпарат құралы тіркелген. Әрине, олардың барлығы бірдей жұмыс істемейді. Бұл қалыпты жағдай. Нарық болған соң, бір газет жабылса, келесі газет ашылады. Соған қарамастан, қазақстандық контентті дамыта отырып, елдің ақпараттық қауіпсіздігін нығайтуымыз керек. Сонда шет елдік бұқаралық ақпарат құралдарының ықпалынан барынша арыламыз. Елімізде ұйымдастырылап жатқан халықаралық медиа форумдар мен медиа құрылтайлардың өткізілуі отандық мазмұнды дамытуға оң әсерін тигізеді. Сондай-ақ қазіргі таңда нарықтың талабына сай бизнес құрылымдардың қолдауы арқасында көптеген БАҚ жұмыс істеп жатыр», - деді С.Қозыбаев.
Сонымен қатар ол Қазақстанның журналистика саласының бастауында ұлы тұлғалардың тұрғанын, оларды ұмытуға болмайтындығын атап көрсетті.
«1934 жылы тұңғыш рет Кеңес Одағында үш-ақ жерде - Харьков, Свердлов және Алматы қаласында коммунистік журналистика институттары құрылды. Бұдан сол кездің өзінде-ақ бұл салаға үлкен мән берілгені көрініп тұр. Онда баспасөз құралдарының, газеттердің редакторлары даярланды. Қазақстандағы институт соғыстың алдына дейін, яғни 7 жыл жұмыс атқарды. Ал сол Қазақстандағы жалғыз журналистика институтының ең бірінші профессоры Сәкен Сейфуллин болған. Ол сондай-ақ түлектерді шығаруға қатысты ең алғашқы емтихан комиссиясының төрағасы болды. Мұны екінің бірі біле бермейді», - деді С. Қозыбаев.
Оның айтуынша, бұл институтқа дәріс оқуға Сәбит Мұқанов секілді ұлы тұлғалар шақырылған. Ал 1940 жылы соғыс басталар алдында институт сол кездегі С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің құрамына жеке факультет болып енді.
«Сондықтан Қазақстанда журналистика мамандығына кадрлар даярлау ісі 1940 жылы емес, 1934 жылдан бастау алады. Мұны ұмытпаған абзал», - деп түйіндеді ғалым.