Қазақстандық құтқарушыларды жабдықтауға 4 млрд теңге қажет - Қасымов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Төтенше жағдайлар қызметін материалдық-техникалық жабдықтауға 4 млрд теңге қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қазақстандық құтқарушыларды жабдықтауға 4 млрд теңге қажет - Қасымов

«Кеше Асқар Ұзақбайұлының (ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары - авт) төрағалығымен азаматтық қорғау бөлімшелерін материалдық-техникалық жабдықтау мәселесі туралы кеңес өтті. Негізі бұл мәселе біраз жылдан бері қаржының аздығынан шешілмей келе жатыр. Бүгінгі күні құтқару қызметтерін техникалық қамтамасыз ету 30 пайыздан аспайды», - деді ол.

Сонымен қатар министр Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстары, Астана қаласы бюджеттерінен аталған бағытқа қаражат  өте аз бөлінетіндігін баса айтты.

«Дәл осы кезде бізге 4 млрд теңгеден астам қаржы керек. Осыған қатысты тиісті есептер мен негіздемелер дайындалды», - деді Қалмұханбет Қасымов.

Айта кетейік, өткен Үкімет отырысында Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов өңірде су тасқынымен күреске қажетті құрал-жабдықтар жетіспейтіндігін айтқан болатын. 

Ал осы мәселеге қатысты Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтың нақты жауабына сыдыртпа жауап берген Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Жанат Сүлейменов сөз естіп қалған еді.