Қазақстандық мамандар Түркияда зілзаладан зардап шеккен 60 адамға дәрігерлік көмек көрсетті

АСТАНА. ҚазАқпарат – Төтенше жағдайлар министрлігі Түркиядағы жер сілкінісінің салдарын жою және адамдарды іздестіру-құтқару жұмысы бойынша соңғы ақпаратты жариялады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық мамандар Түркияда зілзаладан зардап шеккен 60 адамға дәрігерлік көмек көрсетті

«Бүгінгі таңда Қазақстан құтқарушылары Газиантеп және Нұрдағы қаласында іздестіру-құтқару жұмысын жалғастырып жатыр. Қазіргі уақытта үйінді астынан 7 адам құтқарылып, 67 мәйіт шығарылды. Сонымен қатар 60-тан астам зардап шеккен мен науқастарға медициналық көмек көрсетілді. Жылыту пунктеріне 200-ден астам адам орналастырылды. Іздестіру-құтқару жұмысы жалғасады», – деді ТЖМ төтенше жағдайларды жою департаментінің бастығы Қаһарман Оразалин.

Айта кетсек, бұған дейін қазақстандық құтқарушылар Түркияда 7 адамды құтқарып, 53 адамның мәйітін шығарған еді.

Еске салайық, Түркияда жер сілкінісінен қаза тапқандар саны 31 мыңнан асты.

Сондай-ақ, еліміздің Сыртқы істер министрлігі хабарлағандай, Түркияда зілзала орнынан тағы бір қазақстандықтың денесі табылды.

Видеодан алынған кадр