Қазақстандық мамандар жыл сайын синтетикалық есірткілердің жаңа бірнеше түрін сараптамадан өткізеді

Семинарды қорытындылау мақсатында «ҚазАқпарат» тілшісі осы шараға қатысқан Есірткінің сот сараптамасы институтының (Алматы қ.) бас сарапшысы Сағат Қисамиденовті әңгімеге тартқан еді.
- Сағат Қасқырбайұлы, семинар қалай өтті?
- Бұл ауқымды іс-шарада жаңа психоактивті заттардың айналымына қарсы іс-қимыл мен мемлекеттік бақылауды құқықтық жағынан реттеу, синтетикалық есірткілерге қатысты сапалы, заманауи сараптамалар жүргізу мәселелері жан-жақты талқыланды. Осы салада жұмыс істеудің жаңа бағыттары айқындалды. Психоактивтік заттардың заңсыз айналымына шек қою мақсатында барлық қатысушы мемлекеттер үшін ұлттық заңнамаға сәйкестендіріліп, іс-тәжірибеде қолдану үшін тиісті нұсқаулықтар әзірленді.
- Өзіңіз қызмет атқаратын Есірткінің сот сараптамасы институтының мамандары жыл сайын синтетикалық есірткілердің жаңа қанша түрін зерттейді?
- Синтетикалық есірткілер біздің институтқа соңғы 2-3 жылдан бері көптеп жеткізіле бастады. Бізге олар негізінен құқық қорғау органдары, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті тарапынан тиісті қаулы бойынша жеткізіледі. Біздің мамандар синтетикалық есірткілердің жыл сайын бірнеше жаңа түрін зерттейді деуге болады.
- Олар негізінен қандай синтетикалық есірткілер?
- Катинон, амфетамин, каннабиноид, меткатинон және солардың туындылары. Жаңа есірткілер Қазақстан аумағында бақылауға алынған заттардан ерекшеленіп тұрады.
- Химиялық құрамы жөнінен олар қаншалықты күрделі?
- Шынында да құрамы жөнінен синтетикалық есірткілер өте күрделі заттар. Сондықтан сараптама жүргізу үшін тиісті технологиялар мен әдістемелер қажет. Мысалы, бізде газдық хроматография, инфрақызыл спектроскопия, масс-спектрометрия секілді заманауи әдістер қолданылады. Біз әрине сот дәрігерлері емеспіз. Біз осы әдістер арқылы есірткілердің құрамын, шығу тегін анықтаймыз.
- Соған қарағанда мұндай есірткілер қолдан жасалынбайды ғой?
- Әрине, олар астыртын химиялық зертханаларда дайындалады. Ол жерлерде тәжірибелі химиктер, басқа да мамандар жұмыс істейді. Олардың мақсаты - заңды айналып өтіп, тізімде жоқ жаңа қоспаларды дайындап шығару. Бұған қарап, алдағы уақытта әлемде жаңа қандай есірткілердің пайда болуы мүмкін екендігі туралы болжам жасау өте қиын.
- Олар адам ағзасына қаншалықты зиянды?
- АҚШ-тың Есірткіге қарсы күрес жөніндегі басқармасының (DEA) деректеріне жүгінер болсақ, мысалы, синтетикалық каннабиноидтардың әсері марихуана, гашиш секілді «дәстүрлі есірткілерден» 10 еседен астам күшті. Бүгінгі таңда әлемде синтетикалық есірткілердің 600-ге жуық түрі бар. Олардың саны жылдан жылға ұлғая түсуде. Ал адам азғасына тигізер зияны орасан зор. Сондықтан, елімізде олардың таралуына қарсы күрес алдағы уақытта бұдан да қарқынды түрде жүргізілетін болады.
- Әңгімеңізге рахмет.
Айта кетелік, Алматы қалалық Есірткінің сот сараптамасы институты 2012 жылы 28 маусымда ҚР Әділет министрлігі Сот сараптамасы орталығы директорының бұйрығымен Есірткі, психотроптық заттар, прекурсорлардың айналымына мемлекеттік бақылауды құқықтық және ғылыми қамтамасыз ету проблемалары жөніндегі Ұлттық зертхана базасында құрылған.
Алматы қаласының және Алматы облысының 9 ауданының құқық қорғау органдарының тағайындауларымен сараптама жұмыстарын жүргізеді. Сондай-ақ, еліміздің басқа да өңірлерінен келіп түскен заттар бойынша күрделі және аса күрделі сараптамаларды жүзеге асырады. Институт сарапшылары (олардың ішінде екі химия ғылымдарының кандидаты бар) ғылыми-зерттеу және оқу-әдістемелік жұмыстарын да қолға алған.