Қазақстандық мемлекеттік стандарттар дуалды оқыту жүйесін енгізуге кедергі болып отыр
Ұлттық палата өкілінің айтуынша, еліміздің өңірлерінде дуалды оқыту жүйесін енгізуге қатысатын кәсіпорындар табылғанымен, осы жұмыстың алғашқы қадамынан-ақ бірқатар кедергілер көлденеңдеген. «Өкінішке қарай, нормативтік-құқықтық актілер бізге өңірлерде дуалды оқыту жүйесін толығымен енгізуге мүмкіндік бермейді. Әрине, бұл туралы көп айтылып, тіпті тиісті министрлік тарапынан бірнеше колледждерде дуалды оқыту енгізілгендігі туралы баяндалды, алайда бұл олай емес, ол колледждерде тек дуалды білім беру элементтері ғана көрініс тапқан. Өкінішке қарай, нормативтік-құқықтық актілер тәжірибе уақытын қарапайым түрде кеңейтуге жол бермей отыр», деді Н. Әлтаев.
Оның сөзіне қарағанда, егер дамыған елдерде дуалды білім беру оқыту уақытының 60 пайызын құраса, қазақстандық жағдайда бұны енгізу мүмкін болмай тұр. «Кейбір колледждерде кәсіпорындар талабымен оқыту бағдарламасын өзгерте бастағанда, оған прокуратура қызметкерлері жетіп келіп: «Сіздер, министрдің бұйрығымен бекітілген мемлекеттік білім беру стандартын бұзып отырсыздар» деп айыптап, колледж басшыларын қандай да бір әкімшілік айыптауларға тарта бастайды», - дейді Ұлттық палата өкілі. Оның айтуынша, осыған орай, қазір Кәсіпкерлер палатасы Білім және ғылым министрлігімен бірлесе жұмыстар жасап, нормативтік құқықтық базадағы өзгерістер енгізуді қарастырып жатыр. Бұл бағытта дуалды білім беруге кедергі келтіретін 17 нормативтік-құқықтық актілер де айқындалған.