Қазақстандық оқу орындары ІТ кадрларды қалай дайындайды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Биыл құжаттарын тапсырып жатқан талапкерлер арасында IT саласына жоғары сұраныс байқалып отыр. Ақпарат технологиялары қарқынды дамып келе жатқан осы кезеңде алпауыт компаниялар білікті мамандарды өздеріне тартып жатқаны белгілі. Бұл бағытта қызығушылық танытқан жастар өздерінің біліктілігін жетідіруге тырысып отыр. Осы орайда жоғары оқу орындарында IT мамандары қай бағыттарда даярланатыны жайында және қандай білім беру бағдарламалары құрылғаны туралы мәлімет беруді жөн санадық.
None

«Қазіргі кезде 76 жоғары оқу орны IT саласының кадрларын даярлап жатыр. Тиісті стандарттарға сәйкес, академиялық әрі басқарудағы еркіндігі аясында жоғары оқу орындары білім беру бағдарламаларын дербес әзірлейді. Білім беру бағдарламаларының тізілімі құрылып жатыр. Бұл реестрге ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша 537 бағдарлама енгізілген. Оның ішінде 33-і инновациялық және 172-сі жаңа бағдарлама болып саналады. Атап айтқанда, «Бағдарламалық инженерия», «Есептеу техникасы», «Денсаулық сақтау саласындағы IT бағыт», «Дизайндағы қолданбалы информатика», «Бизнес-аналитика және IT-жобаларды басқару», «Басқарудың компьютерлік жүйесі мен робототехника», «Киберқауіпсіздік», «Мұнай мен газ саласындағы ақпараттық технологиялар», «Ақпараттық жүйенің қорғалуы», «Автоматизация және өндірісті басқару», «Жасанды интеллект технологиясы» секілді бағыттар бар», - делінген Ғылым және жоғары білім министлігінің «ҚазАқпарат» агенттігіне берген мәліметінде.

Айта кетейік, Жаңа мамандықтар атласында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бойынша алты өзгермелі және 40 жаңа кәсіп белгіленген.

Жастарды оқытуға жобаларды тәжірибе жүзінде іске асырып жатқан мамандар жұмылдырылып жатыр. Сонымен қатар, олар зертхана деңгейінде студенттерді оқытады. Мәселен, оқу жылының басынан бері жоғары оқу орындары 2 мыңнан астам IT маманды тартқан.

Студенттер IT-компаниялар мен кәсіпорындардың базасында тәжірибеден өтеді. Сондықтан саланың қыр-сырын тәжірибе жүзінде меңгеру үшін тиісті жағдай жасалып отыр. Бұл мамандық бойынша білім алу үшін талапкерлер IT бағыттар тұрғысында лицензиясы бар ЖОО-ларға түсуі керек.

2021 жылы 15 177 адам IT салада білім алу үшін оқуға түскен. Олардың арасында мемлекеттік білім беру тапсырысы аясында 8 498 талапкер қабылданды. Былтыр IT бағыт бойынша оқуларын 9 147 адам тәмамдады.

«Аталған Атластағы мәліметтерге сәйкес, IT салада жаңа мамандықтар пайда болып отыр. Олардың арасында IT-этика саласындағы кеңесші, кибертергеуші, жасанды нейрон желілерінің жобалаушысы, киборгизация жөніндегі нұсқаушы, цифрлық даму саласындағы тьютор, киберпротектор, кибер-скиллингер - сандық дағдыларды құрастырушы ескерілген» - деп аталып өткен министрлік мәліметінде.

Жаңа мамандықар атласы мен кәсіби стандарттар негізінде жоғары оқу орындары ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында жаңа білім беру бағдарламаларын әзірледі.

Солардың қатарында бағдарламалық инжинерия, компьютерлік технологиялар саласындағы ғылым, киберфизикалық жүйелер, мәліметтер жөніндегі ғылым, роботтандырылған ұшқышсыз аппараттар, IT-менеджмент, IT-кәсіпкерлік және цифрлық экономика сияқты бағдарламалар ескерілген.


Соңғы жаңалықтар