Қазақстандық оқушылар физикадан Еуропалық олимпиадада жүлделі орынға ие болды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Қазақстанның құрама командасы физика пәнінен өткен Еуропалық олимпиадаға қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҒМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Еуропалық физикалық олимпиада (IPhO - International Physics Olympiad) – бұл дарынды оқушыларға арналған физика пәнінен өтетін халықаралық аймақтық олимпиада. Жарыс қашықтан онлайн өтті. Олимпиадаға әлемнің 50-ден астам елінен 250 оқушы қатысты. Турнирге Қазақстанның атынан 5 үміткер - 2019 жылғы республикалық олимпиаданың жеңімпаздары мен жүлдегерлері, физика пәнінен олимпиада резервінің мүшелері қатысты.
Олимпиада қорытындысы бойынша қазақстандық құраманың қоржынында бір алтын, екі күміс және бір қола медаль бар. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер – Семей қаласындағы Шығыс Қазақстан облыстық мамандандырылған «Білім инновация» лицейінің оқушысы Расул Мағауин – алтын медаль; Антон Драганчук (Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі) – күміс медаль; Рауан Қалдыбаев (Нұр-Сұлтан қаласындағы Республикалық физика-математика мектебі) – күміс медаль; Мирас Қобылан (Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі) – қола медаль. Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебінің оқушысы Алексей Янченко грамотамен марапатталды.
