11:56, 12 Мамыр 2009 | GMT +5
Қазақстандық оқушылар Таиландта физикадан өткен Х халықаралық азиялық олимпиададан олжалы оралды
АСТАНА. Мамырдың 10-ы. ҚазАқпарат – Қазақстандық оқушылар командасы Таиландтың астанасы - Бангкокте өткен физика бойынша Х халықаралық азиялық олимпиадада жақсы нәтиже көрсетті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат «Дарын» республикалық ғылыми-тәжірибелік орталығына сілтеме жасап. Сәуірдің 24-і мен мамырдың 2-сі аралығында өткен білім жарысының қорытындысы бойынша талдықорғандық оқушы Жақсылық Ақан күміс медаль жеңіп алса, Павлодар және Тараз қаласының оқушылары Жәнібек Қаймолдинов пен Вячеслав Ли қола медальдарды иеленді. Ал алматылық және ақтөбелік оқушылар -Асқар Амангелді, Алдияр Нұрманов, Жандос Аққожиндер құрмет грамоталарымен марапатталды.Қазақстан құрамасы сәуірдің 15-21-і аралығында Ақтауда өткен республикалық олимпиаданың қорытындысы бойынша - республиканың бес қаласының 11-ші сынып оқушыларынан жасақталды. 2000 жылдан бері өткізіліп келе жатқан Азиялық олимпиада оқушылар үшін ең беделді жарыс болып табылады. Оған әлемнің 18 елінің - Австралия, Израиль, Әзірбайжан, Сингапур, Үндістан, Индонезия, Түркменстан Жапония және елдердің өкілдері қатысады. Білім жарысы әр жылдары Каравачи (Индонезия), Тайпей (Тайвань), Сингапур, Ханой (Вьетнам) және т.б. қалаларда өткен. Физикадан VII Азиялық олимпиада 2006 жылы Алматыда да өткен болатын.