Қазақстандық оқушылардың интеллектуалдық әлеуеті жыл сайын артып келеді - Е. Иманғалиев

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Қазақстандық мектеп оқушыларының интеллектуалдық әлеуеті жыл сайын артып келеді. Бұған халықаралық білім олимпиадаларындағы жеткен елеулі жетістіктеріміз куә. Бұл туралы бүгін Алматыда математика, физика және информатика пәндері бойынша басталған XI халықаралық Жәутіков олимпиадасының ашылу салтанаты барысында ҚР Білім және ғылым вице-министрі Есенғазы Иманғалиев мәлімдеді.
None
None

«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елдің инновациялық даму үдерісіне айрықша мән беруде. Сондықтан бұл тұрғыда елімізде математика, физика және информатика пәндерінің дамуына жіті көңіл бөлініп жатыр. Соның арқасында бүгінде Халықаралық Жәутіков олимпиадасы үлкен дәрежеге көтерілді. Ол осымен 11-ші рет жыл сайын тұрақты түрде бір мезгілде өткізіліп келеді. Былтыр қазастандық оқушылар жалпы командалық есепте екінші орынға көтерілген болатын. Биыл оқушыларымыздан одан жоғары нәтиже күтеміз», - деді Е. Иманғалиев.

Айта кетелік, халықаралық Жәутіков олимпиадасының жеңімпаздары, яғни алтын, күміс және қола медаль иегерлері Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатыспайды. Олар былтырдан бастап, Назарбаев университеті және басқа да отандық жоғары оқу орындарының бірінші курстарына бірден қабылдануға мүмкіндік алған. Мысалы, былтыр осы олимпиаданың қатысып жүлделі орындарға ие болған 51 оқушы Назарбаев университетіне түскен екен.

Тағы бір айта кететін жайт, халықаралық білім олимпиадаларына қатысып жүлделі орындарға қол жеткізген шет елдік оқушылар да биылдан бастап Назарбаев университетіне оқуға қабылдана алады.

XI халықаралық Жәутіков олимпиадасы 17 қаңтарға дейін жалғасады.

Соңғы жаңалықтар