Қазақстандық паралимпиадашылар Ойындардың ашылу салтанатында жүріп өтті

«Құс ұясы» деп аталатын стадионда 50-ге жуық елдің паралимпиадашылары мемлекеттік туларын көтеріп өтуде.
Бұл шараға қазақстандық спортшылар да қатысты. Қазақстан Паралимпиада құрамасынан Мемлекеттік туды ұстап шығу құрметі пара-шаңғы жарысынан Әлем кубогының қола жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Хамитовке берілді. ҚР Паралимпиада құрамасына Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко енді.
Қазақстандық атлеттер пара-шаңғы жарысы мен парабиатлонда өнер көрсетеді.
Бейжіңдегі ойындар барысында спорттың алты түрінен: шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысы спорты, следж-хоккей, керлинг және сноубордтан 78 жүлде жиынтығын сарапқа салынады. Қазақстандықтар қатысатын алғашқы жарыс түрі - парабиатлон. Ел намысын Сергей Усольцев пен Александр Герлиц қорғайды. Жарыс 5 наурызда Хэбэй провинциясының Чжанцзякоу қаласында өтеді.
XIII қысқы Паралимпиада ойындары Бейжіңде 4-13 наурыз аралығында өтеді. Оған 50-ге жуық елден 700-ден астам спортшы қатысуда.