Қазақстандық паралимпиадашылар Ойындардың ашылу салтанатында жүріп өтті

БЕЙЖІҢ. ҚазАқпарат - Бейжіңдегі Ұлттық стадионда 2022 жылғы XIII қысқы Паралимпиада ойындарының ашылу салтанаты өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат меншікті тілшісі.

Қазақстандық паралимпиадашылар Ойындардың ашылу салтанатында жүріп өтті

«Құс ұясы» деп аталатын стадионда 50-ге жуық елдің паралимпиадашылары мемлекеттік туларын көтеріп өтуде.

Бұл шараға қазақстандық спортшылар да қатысты. Қазақстан Паралимпиада құрамасынан Мемлекеттік туды ұстап шығу құрметі пара-шаңғы жарысынан Әлем кубогының қола жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Хамитовке берілді. ҚР Паралимпиада құрамасына Александр Герлиц, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко енді.

Қазақстандық атлеттер пара-шаңғы жарысы мен парабиатлонда өнер көрсетеді.

Бейжіңдегі ойындар барысында спорттың алты түрінен: шаңғы жарысы, биатлон, тау шаңғысы спорты, следж-хоккей, керлинг және сноубордтан 78 жүлде жиынтығын сарапқа салынады. Қазақстандықтар қатысатын алғашқы жарыс түрі - парабиатлон. Ел намысын Сергей Усольцев пен Александр Герлиц қорғайды. Жарыс 5 наурызда Хэбэй провинциясының Чжанцзякоу қаласында өтеді.

XIII қысқы Паралимпиада ойындары Бейжіңде 4-13 наурыз аралығында өтеді. Оған 50-ге жуық елден 700-ден астам спортшы қатысуда.