Қазақстандық парламенттік делегация ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының 19-шы сессиясына қатысады

ЕҚЫҰ ПА жыл сайынғы отырысының жұмысына Сенаттың Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қуаныш Сұлтанов бастаған Қазақстанның парламенттік делегациясы қатысады.
Қазақстан делегациясының құрамында: Мәжілістің халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің басшысы Ә.Жолшыбеков, жоғарғы палата депутаттары - Ә.Ахметов пен Б.Досманбетов, Мәжілістен - С.Бычкова, Е.Әпсалямов және Т.Қосмамбетов бар.
Ассамблеяның жалпы комитеттері ЕҚЫҰ-ның түрлі салаларына арналған қарарларын талқылайтын болады. Олар Парламенттік Ассамблеяның тиімді қызметін арттыру, Еуропадағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі Корфу үдерістерін дамытудағы оның рөлін күшейту, климаттың өзгеруі, ядролық қауіпсіздік, Таяу Шығыстағы бейбітшілік үдерістері, Қырғызстандағы жағдай және басқа да мәселелер болып табылады.
Одан басқа, форум аясында Парламенттік Ассамблеяның басшылық құрамын сайлау болады.
Жыл сайынғы сессия нәтижесі бойынша Ослода Қорытынды декларация қабылданатын болады.