Қазақстандық парламенттік делегация ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының күзгі отырысына қатысуда

Бұл туралы ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков бастаған делегация құрамында Сенат депутаты Әділ Ахметов пен Мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов бар.
Қазақстан парламентшілері «ЕҚЫҰ: тұрақтылық пен қауіпсіздіктің негізі ретіндегі тиісті басқару мен ықпалдастыққа жәрдемдесу» тақырыбы бойынша парламенттік конференцияға, сондай-ақ Тұрақты комитеттің отырысына қатысты.
Парламенттік Ассамблеяның күзгі отырысы барысында ЕҚЫҰ аймағындағы көпұлтты және көп мәдениетті қоғамды дамыту, әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысты еңсеру, сондай-ақ тиімді басқаруды қамтамасыз етудегі бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі туралы мәселелер талқыланды.
Парламенттік шараның барысында «ЕҚЫҰ аймағында көпұлтты және көп мәдениетті қоғамға жәрдемдесу мен қорғау» тақырыбы бойынша сенатор, ЕҚЫҰ Іс басындағы төрағасының мұсылмандарға қатысты төзбеушілік пен кемсітушілікпен күрес жөніндегі Жеке өкілі Әділ Ахметов сөз сөйледі.
Мұсылмандарға қатысты төзбеушілік пен кемсітушілікпен күресті күшейту мәселелеріне қатысты Ә.Ахметов білім беру қызметіне ықпал етуді үдету, мұсылмандарға қатысты нәсілшілдік, жатсыну мен төзбеушілік туралы хабардар болуды арттыру қажеттігін атап өтті.
Депутат сондай-ақ мұсылмандарға қатысты өштесу тұрғысындағы қылмыстар, құрбан болғандарға көмек көрсету туралы мониторинг және есеп жүргізу жөніндегі бағдарламаға қолдау қажеттігі туралы да айтты.