Қазақстандық режиссердің жобасы Сараеводағы халықаралық кинофестивальде бас жүлдені иеленді

Кино әлемінің майталмандары бас қосқан айтулы шарада Босния мен Герцеговина, Словения, Сербия, Румыния, Израиль, Болгария мен Қазақстанның жас та, танымал да режиссерлерінің 7 киножобасы ұсынылды. Онда жобалар авторлары шара секциясы аясында өз еңбектерінің үзінділерін қазылар алқасының назарына ұсынды.
Тұсаукесерлерді қазылар құрамындағы әлемдегі ірі продюсерлік әрі дистрибьютерлік кинокомпаниялардың бірі «Fortissimo Films»-тің басқарушы директоры Неллеки Дриссен, «ZDF/ARTE» компаниясының шығарушы редакторы әрі продюсері Мейнхольф Зурхорст, «The Post Republic» компаниясының продюсері Тольке Пальм сараптаудан өткізді.
«Болашақ картинаның жұмыс материалдарын көрсеткенде қатты толқыдым. Әрі трилогияның екінші картинасына деген қызығушылықты сезіндім», - дейді режиссер Эмир Байғазин.
Фестиваль бағдарламасына киноиндустрия саласының жалпы саны 500-ге жуық кәсіби мамандары қатысты. Әсіресе, Эмир Байғазиннің трилогиясының екінші бөлімінен үзінділерді тамашалау үшін көптеген сарапшылар жиналды. Айта кетейік, «Жаралы періште» киножобасының материалдары әлемдік кино өндірісі қауымының назарына Сараевода алғаш рет ұсынылды, деп хабарлайды «Қазақфильм» киностудиясының баспасөз қызметінен. Естеріңізге сала кетейік, биыл Эмир Байғазиннің «Үйлесім сабақтары» («Уроки Гармонии») туындысы Францияның Анже қаласында өткен Premiers Plams халықаралық кинофестивалінің гран-при жүлдесіне ие болған еді.