Қазақстандық сенатор ЕҚЫҰ ПА Қысқы сессиясына қатысты

АСТАНА. ҚазАқпарат - Парламент Сенатының Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Асқар Шәкіров ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының Венада өткен Қысқы 22-ші отырысына қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат палатаның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
None
Фото; senate.parlam.kz

Сенатор Ассамблея Бюросының отырысында сөйлеген сөзінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Конституцияға түзетулер енгізу жөніндегі бастамасы бойынша өткен жалпыхалықтық референдумның қорытындылары саяси үлгіні өзгертуге, билік институттары арасында оңтайлы тепе-теңдік қалыптастыруға, олардың арасындағы тежемелер мен тепе-теңдікті күшейтуге ықпал ететінін атап өтті.

Қазақстандағы алдағы парламенттік сайлау еліміздің саяси жүйесін қайта жаңартуды жалғастырады. Мәжіліс депутаттарын сайлау кезінде пропорционалды-мажоритарлық жаңа жүйеге көшу көппартиялық жүйені дамытуға, азаматтық қоғамды күшейтуге және азаматтардың өздері сайлаған Парламент мүшелерімен өзара тікелей іс-қимылға қолайлы жағдай жасайды.

«Сайлау процестерін бағалау саласындағы халықаралық беделді ұйымдар ретінде ЕҚЫҰ мен оның Парламенттік Ассамблеясы алдағы сайлауға объективті мониторинг жүргізетіні біз үшін маңызды», - деді Қазақстан өкілі.

Ассамблея комитеттерінің бірлескен отырысы аясында Қазақстан 2010 жылы ЕҚЫҰ Саммитінің Астана декларациясында бекітілгендей, жан-жақты, тең және бөлінбейтін қауіпсіздік тұжырымдамасын ұстанатыны туралы айтылды. Осы мәселе бойынша халықаралық қоғамдастықтың бөлінуі байқалған жағдайда парламентшілер қолда бар барлық құралдарды пайдалана отырып, ұжымдық түрде бейбітшілік қағидасын іздестіруді жалғастыра беруі қажет.

Сессия аясында ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеяның Вице-президенттері Рейнхольд Лопатка және Айрин Хараламбидеспен екіжақты кездесулер болды. Олар ЕҚЫҰ ПА делегациясының басшысы және Қазақстандағы парламенттік сайлауда ЕҚЫҰ-ның қысқа мерзімді байқаушыларының арнаулы үйлестірушісі болып тағайындалған болатын.

Асқар Шәкіров еуропалық парламентшілерді жалпыға бірдей халықаралық тәжірибе мен стандарттарға сәйкес сайлау рәсімдерін дайындау және ұйымдастыру барысы туралы хабардар етті. ЕҚЫҰ ПА және ДИАҚБ өкілді делегациясының сайлауға қатысуы Қазақстандағы соңғы жылдардағы демократиялық өзгерістерді мойындау мен қолдаудың белгісі болып табылатыны атап өтілді.

Қазақстандағы сайлау процесіндегі барлық салалар бойынша ЕҚЫҰ-мен және оның Парламенттік Ассамблеясымен сындарлы ынтымақтастыққа еліміздің дайын екендігі атап өтілді.


Соңғы жаңалықтар