Қазақстандық спутниктер боран кезінде жолда қалғандарды құтқарды

Еліміздегі ғарыш спутниктерінің бірегей мүмкіндіктері жайлы Астанадағы Ұлттық ғарыш орталығында ҚР Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов баян етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
«Біздің елімізде 60 дифференциалды станса бар. Осы стансалар арқылы мобильді телефондардың қайда орналасқанын анықтауға болады. Дифференциалды станса жүйесінің мүмкіндігі зор. Біз осы стансалар арқылы адамдарды құтқара аламыз. Бүгінгі таңда ғарыштан адамдардың боранға тап болғанын біле аламыз», - дейді министр.
Бейбіт Атамқұловтың айтуына қарағанда, мәселен Павлодар мен Астананың ортасында боранда адам көлігімен қалып қалса, телефоны жұмыс істемесе, жуық арада станса болмаса, ғарыш спутниктері арқылы оны құтқаруға болады. Яғни, жолда қалған адамның көлігінде арнайы тетік болса, сол тетікті басу арқылы қай жерде қалғанын анықтауға болады.
«Ол сол тетікті басса, біздің «Қазақстан ғарыш сапары» ұлтттық компаниясындағы операторымыз тиісті органдарға хабарлама бере алады. Біз ғарыш арқылы сол көліктің қайда екенін біле аламыз. Тәжірибе жүргізіп те көрдік», - дейді Бейбіт Атамқұлов.
Министр сөзі дәлелді болу үшін нақты мысал келтірді.
«Өткен жылы Павлодар облысында «Алан» әскери көлігімізбен тәжірибе жасаған едік. «Аланға» мінген әскерилер ғарыш арқылы хабар алып, жолда қалған, ішінде аяғы ауыр әйел бар көлікті тауып алды. Көліктің ішіндегі адамдар тоңып қалыпты. Қорғаныс министрлігінің әскерилері екі метр қар үстінде арнайы көлік арқылы барып, адамдарды құтқарып қалды. Босанған әйел әскери көліктің құрметіне орай баласының атын «Алан» деп қойды. Осы жүйе көптеген адамдарды құтқара алады», - дейді Бейбіт Атамқұлов.
Еске сала кетсек, бүгін ҚР Парламенті Сенаты Халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Дариға Назарбаева бастаған комитет мүшелері Астананың іргесінде тұрғызылып жатқан Ұлттық ғарыш орталығында болып, атқарылып жатқан жұмыстармен танысқан болатын. Комитет мүшелері орталықта тәжірибелік өндірісі бар ғарыштық техниканы Арнайы құрастырушылық-технологиялық бюросының жұмысын тексерді.