Қазақстандық студенттер «Шолпан» есімді робот жасап шығарды

Робот Алматы қаласында құрастырылды. Ол қозғалып, мойнын бұрып, жымиып сөйлейді, сондай-ақ адамның көңіл күйі мен сөйлеген сөзін қайталай алады.
Бұған дейін отандық роботты құрастыру тек арман-қиялдан әрі аспайтын. Алайда бүгінгі таңда болашағынан үлкен үміт күттіретін білімді жас құрастырушылардың еңбегінің нәтижесінде бұл ақиқатқа айналды.
Инфокоммуникациялық технология саласындағы жастардың еңбегі тек ХАТУ-дың емес, күллі қазақ елінің мақтанышы. Мәселен, былтырғы жылдың тамызында студенттер өздері құрастырып жасаған жұмыстарын Гонконгта өткен «Robocon-2012» халықаралық байқауына ұсынды. Атап өтерлік жәйт, Қазақстан соңғы он жылда мұндай саладағы шараларға қатыспаған.
«Шолпан» жобасы авторларының айтуынша, бұл робот арнайы «ASTEX-2013» көрме-конференциясына қатысу үшін жасалған. Себебі, аталған шара барысында технологиясы озық елдерден тәжірибе жинап, өз жаңалықтарын ұсынуға мүмкіндік алмақ.
Инфокоммуникациялық технологияны дамыту қоры кез келген тың жобаларды қолдауға дайын.
Естеріңізге сала кетсек, осы жылдың 21-22 мамырында ҚР Көлік және коммуникация министрлігі, «Зерде» ұлттық инфокоммуникация холдингі және инфокоммуникация технологияны дамыту қорының ұйымдастыруымен VI Астана экономикалық форумының аясында «ASTEX - 2013» көрме-конференциясы өтпек (Astana Smart Technologies Exhibition Астаналық озық технологиялар көрмесі).