Қазақстандық суретшілер Қиғаш өзеніндегі алып гүлді кенепке бейнелеп жатыр

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 4 өңірдің суретшілері су үстінде өсіп тұрған лотосты кенепке бейнелеп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Суретшілердің республикалық планэрі «Су үстіндегі сұлулық» деп аталған. Ш.Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер музейінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан планэрге Алматы, Қызылорда, Ақтөбе және Атырау облысынан 10 қылқалам шебері қатысуда.

Музей басшысы Төлеген Орынбасарұлының айтуынша, суретшілер Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзені үстінде өсетін лотосты кенепке бейнелеуде.

«Қиғаш өзенінің үстінде лотос гүлдейді. Оны тек қазақстандықтар ғана емес, өзге елдердің туристері де қызыға тамашалайды. Сол себептен, су үстіндегі сұлулықтың суретшілердің қылқаламына арқау болғанын қаладық», - дейді Төлеген Орынбасарұлы.

Оның сөзінше, 4 тамызда аталған музейде лотосты бейнелеген суретшілердің көрмесі өтеді.

Лотос – Қиғаш өзенінің сағасында ғана гүлдейтін сирек өсімдік. Ал Қиғаш өзені Атырау облысының Құрманғазы ауданы мен Ресейдің Астрахан өңірінің шекарасында ағып жатыр.

Қиғаш өзеніне «Ақтөбе – Атырау – Ресей Федерациясының шекарасы» бағытындағы жолмен жетуге болады. Атыраудан арақашықтық – 300 шақырымға жуық.

Қызғылт түсті, биіктігі 150 сантиметрге дейін жететін лотос 5 мың гектарға жуық аумақта гүлдейді. Су ортасында таңертең қауызын ашып, кешке қайта жабады.

Бұл гүлді үндістер мен вьетнамдықтар тазалықтың символы ретінде бағалайды. Тіпті оның емдік қасиеті бар деп есептеледі. Тұқымындағы ақуыз бүйрек пен көкбауыр, жүрек ауруы мен ұйқысыздықты емдеуге қолданылады.

Еске сала кетелік, былтыр Атырау облысындағы Қиғаш өзенінің сағасында лотос гүлдегенін жазған едік.


Соңғы жаңалықтар