Қазақстандық тарихнамада ілгері басу бар екенін атап айту керек - М.Сыдықов, тарихшы-ғалым
Оның пайымдауынша, қазіргі кезде Қазақстандағы тарих ғылымы өзіндік ғылыми пән есебінде күрделі кезеңді бастан кешіруде. Бұл кеңес дәуіріндегі таптық күреске негізделген ескі жүйеден шығу ғана емес, сонымен қатар жаңа тұжырымдаманы қалыптастыру болып табылады. Соған сәйкес Қазақстан тарихының қоғамдағы орны мен рөлі де өзгеруде. Жаңа құбылыстар нәтижесінде қазақ халқы өз тарихын жаңаша бағалауға ұмтылуда. Тәуелсіздік жылдарында тарихшы-ғалымдар тың әдістемелік әдіс-тәсілдерге бет бұрды. КСРО халықтарын Қазақстан мен Орта Азия республикаларына жер аудару, ұжымдастыру, 1930-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргін және басқа кезеңдерге байланысты жаңа мұрағаттық деректер мен жарияланымдар негізінде еңбектер жарыққа шықты.
Сонымен қатар ел тарихын танудағы келеңсіз жайттарды айтпай кетуге болмайды. Тарихи деректер бұрмаланып берілген еңбектер де аз болған жоқ. Кейбір авторлар «жаңалық» табам деп, жекелеген тарихи деректер мен оқиғаларды беруде үстірттікке ұрынды. Тіпті кейбір жарияланымдарда тарихтың күрделі ұлттық, саяси және әлеуметтік мәселелері әуесқойлық деңгейде қаралады. Бұған өткен ғасырдың соңы мен осы ғасырдың басында жекелеген авторлар немесе шығармашылық топ басып шығарған ЖОО-ларға арналған Қазақстан тарихы оқулықтары дәлел бола алады. Мұны тарихқа деген қызығушылық өсе түскен кезеңдегі кем-кетіктер деуге болады. Негізгі себеп Қазақстандағы тарихи үдерістерге қатысты дерек көздерінің аздығында. Барлық ірі оқиғалар кеңес тарихындағы деректерге негізделді. Дегенмен тәуелсіздік жылдары оң ғылыми ізденістер болмай қалған жоқ. Бұл ретте Елбасы Н.Ә.Назарбаев бастамашы болған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы маңызды рөл атқарды. Осы бағдарлама тарихи кеңістіктегі жағдайды түбегейлі өзгертті. Әлемнің көптеген елдерінен алынған мыңдаған құжаттар мен деректер ғылыми айналымға енгізілді. Осы орайда бұрын қолданылмаған шығыс елдерінің деректерін айтуға болады. Археология саласында көшпелі өркениет жөніндегі ұғым-түсінікті кеңейте түсетін бірнеше ірі жаңалықтар ашылды. Мысалы, Қазақстан тарихының ежелгі және ерте ортағасырлық кезеңін зерттеудің маңызы зор. Қола дәуірінен бастап Қазақстан аумағында қазақ халқының алыс ата-бабалары саналатын көшпелілер пайда болды. Жазба деректердің жоқтығына байланысты бұл жерде тарихшыларға археология көмекке келеді. Әсіресе, кейінгі қола, ерте темір дәуіріндегі сақ тайпаларына қатысты ескерткіштерді (Берел, Тасмола, Құлажорға, Шілікті, Тақсай және басқа) зерттеу басым сипат алады. Ерте дәуірдегі көшпелілердің тыныс-тіршілігі белгілерінен (киіз үй, ертұрман, үзеңгі, ат үстіндегі әскери өнер, кілем оюлары мен күміс әшекейлер, т.б.) әлем өркениетіне қосқан идеялары мен жетістіктері көрінеді. Қазіргі заманғы археология ғылымының тағы бір басым бағыты Оңтүстік Қазақстан мен Жетісу, сондай-ақ Батыс Қазақстандағы ортағасырлық қалалар өркениетін зерттеу болып табылады. Соңғы деректер отырықшы және көшпелі өркениеттің қатар өмір сүргендігін көрсетіп отыр. Бұл қазақстандық тарихшылардың қазақ мемлекеттілігі, қазақ хандығының мәдениеті көне түріктерден бастау алатыны жөніндегі пайым-түйіндерінің дұрыс екендігін дәлелдейді. Қазақстан тарихының ортағасырлық кезеңінде әлем тарихындағы түркі өркениетінің орны мен рөлін айқындау ерекше маңызды. Бұл ретте қазақ сөзінің шығу тарихы, қазақ мемлекеттілігінің пайда болуы мен қалыптасуын зерттеу айрықша мәнге ие. Күні бүгін қазақтар мекендеген жерлер аумағы, қазақ хандығының құрылуы, оның түркі қағанаты мен қыпшақ-моңғол мемлекетімен сабақтастығы мәселелері барынша зерттелді. Кеңестік дәуірде қазақ мемлекеттілігі мәселесі кеңес тарихына бағынышты болғаны белгілі, сондықтан белгілі бір шектен шыға алмады. Қазақстанның жаңа кезеңдегі (ХVIII ғасыр - ХХ ғасырдың басы) тарихы Қазақстанның Ресей империясымен отарлануына қатысты. Кеңестік тарихнамада бұл біржақты бағаланды. Онда ресейлік саясаттың отарлаушылық бағыты біржола жоққа шығарылмағанымен, Қазақстанның өз еркімен қосылуы, мұның әлеуметтік-экономикалық және мәдени тұрғыда көп ілгері басушылыққа алып келгені насихатталды. Кеңестік тарихнамада барлық зерттеулер мұрағат құжаттарының шектелген көлемінде қаралды. Айталық, қазақ халқының ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр басындағы (1916 жылғы көтеріліс) барлық көтеріліс, қозғалыстары осындай тұрғыда бағаланды. Қазақстандық тарихшылардың зерттеуі нәтижесінде бұл өзгеше сипат алды. Ақтаңдақтардан арылған Кенесары Қасымовтың көтерілісі қазақ халқының Ресей Империясына қосылу кезіндегі ұлт-азаттық күресінің шырқау шегі ретінде қайта бағаланды. Қазақ мемлекеттілігін дамытуға сүбелі үлес қосқан ірі тұлғалардың тарихи бейнелерін жасау да маңызды рөл атқарады. Бұл ретте Жанұзақ Қасымбаевтың еңбегін ерекше атауға болады. Оның бірінші томы XVIII ғасырдағы қазақ хандығының саяси тұлғаларына, екіншісі - қазақ батырларына, үшіншісі қазақтың соңғы ханы Кенесарыға арналған. Ирина Ерофееваның XVII-XIX ғасырлардағы дала элитасы өкілдеріне, сондай-ақ отарлаушылық әкімшілік қайраткерлеріне, Қазақстанда болған орыс ғалымдарына арнаған еңбегі де құнды. Қазақстанның жаңа кезеңдегі тарихы көп зерттелгендігімен ерекшеленеді. Кеңестік Қазақстан тарихында да таласты мәселе аз емес. Мұнда басым бағыттар ретінде Алаш қозғалысы мен ұлт зиялыларының күресі, күштеп ұжымдастыру мен жаппай отырықшыландырудың салдары, 1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргінді айтуға болады, тың жерлерді игеру кезеңі де басқаша бағалануда. «Қорыта айтқанда, біз кеңестік тарих мұрасынан құтыла қоймасақ та, елдік, көкейкесті мәселелерді зерттеуде қазақстандық тарихнамада елеулі ілгері басушылар бар екенін атап айту керек. Ең бастысы, осы бағыттан айнымай, тәуелсіз Қазақ елінің біртұтас тарихын түзе білу қажет», деп түйіндеді ойын М.Сыдықов.