15:12, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Қазақстандық темекі өндірушілер «Халық денсаулығы туралы» Кодекске бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынады
АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ – Темекі өнімдерін шығаратын қазақстандық кәсіпорын басшылары қазіргі уақытта ҚР Парламент Мәжілісінде қарастырылып жатқан «Халық денсаулығы туралы» Кодекс жобасына бірқатар өзгерістер енгізуді ұсынып отыр,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Олардың пікірінше, заң жобасын қарап жатқан жұмыс тобы темекі өндірісінің кейбір ерекшеліктерін назардан тыс қалдырып отыр. Бұл жайында Алматыда өткен арнайы брифингте «Галлахер Қазақстан» ЖШС коммуникациялар менеджері Олжас Бибанов айтты. Айта кетелік, қазірде аталмыш кәсіпорын JT International (JTI) компаниялар тобының құрамына кіреді.О. Бибановтың айтуынша, болашақ Кодекстің орнын қолданыстағы «Қазақстан Республикасында шылым шегу және шек қою туралы» Заңы ауыстырады, сондықтан да темекі өндірісі үшін негізгі реттеуші құжат болады. «Өнеркәсіп орны ретінде бізде бірқатар ескертпе бар ? Кодексте, біздің пікірімізше, темекі өндірісінің техникалық ерекшеліктеріне мән берілмейді, осыған орай компаниялардың өндірістік жоспарларына кері әсерін тигізуі мүмкін. Кодекс жобасы темекі өнімдерінің қаптама қораптарына қатысты өндірушілер мен импорттаушыларға 6 айлық өтпелі кезеңді қарастырады. Алайда JTI өкілдерінің ойынша, қабылданған түзетулер халықаралық практикаға қарама-қайшы келеді. Көрші елдердің тәжірибелерін ескере отырып, жаңа қаптама қорапқа өту кезеңін 15 айға дейін ұзартуды ұсынғымыз келеді», дейді компания өкілі.Бұдан басқа, ол Кодексте өнім қорапшасында темекіден бөлінетін заттардың құрамын, деңгейін көрсетпеген жағдайда темекіні сатуға шығаруға және таратуға тыйым салатын бап бар екендігін айтып отыр. Темекі өнімін дайындауда бөлінетін заттар мен құрауыштардың саны 4 мыңның шамасында болатындықтан, аталған талапты орындау мүмкін болмайды.