Қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің ширек финалына шықты

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Қазақстандық Григорий Ломакин жұптық сында Блуа (Франция) челленджер турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазақстандық теннисші Франциядағы турнирдің ширек финалына шықты

Г.Ломакин украиналық Владислав Манафовпен бірге бастапқы кездесуін осы жарыстың бірінші ракеткалары, аустриялық Александр Эрлер – франциялық Альбано Оливеттимен өткізді.

Қазақстандық-украиналық жұп екі сағатқа жуық уақытқа созылған матчта 7:6 (7:5), 6:7 (4:7), 10:5 есебімен жеңіске жетті.

Г.Ломакин мен В.Манафов жартылай финалға шығу үшін үндістандықтар Шрирамбалай Нараянасвами – Дживан Недунчежиянмен таласады.

Тағы бір қазақстандық Тимофей Скатов жекелей сында екінші айналымда үш сағатқа жуық созылған кездесуде әлемнің 184-інші, осы доданың 7-ракеткасы, сербиялық Никола Милоевичке қатты қарсылық көрсетіп, 6:4, 4:6, 4:6 есебімен жол берді. Сөйтіп ол ширек финалға шыға алмай қалды.

Қазақстанның бірінші, әлемнің 37-ракеткасы Александр Бублик Лондон ATP 500 турнирінің ширек финалына өте алмады. Екінші айналымда әлемнің 17-ракеткасы, хорватиялық Марин Чиличпен кездескен ол бірінші партияда тай-брейкте 5:0 есебімен алда тұрып, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Ақыры 6:7 (6:8), 5:7 есебімен жеңіліп қалды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын қазақстандық теннисшінің Испаниядағы жарыстың жартылай финалына өткенін жазған болатынбыз.