18:58, 27 Қыркүйек 2022 | GMT +5
Қазақстандық теннисші Лиссабон турнирін жеңіспен бастады
АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстандық, әлемнің 233-ракеткасы Тимофей Скатов Лиссабон (Португалия) челленджер турнирін жеңіспен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Өткен аптада Португалияда Брага жарысының жартылай финалына дейін жеткен Т.Скатов бұл жолы бастапқы кездесуін дүниежүзілік рейтингте 303-орында тұрған испаниялық Ориоль Рока Батальямен өткізді.
Қазақстандық спортшы тай-брейкпен аяқталған екі партияда 7:6 (10:8), 7:6 (7:5) есебімен басым түсті.
Үш сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсеке барысында Т.Скатов 1 эйс жасап, 4 брейк-пойнттың үшеуін өз есебіне жазды. Қарсыласы 3 эйс, 3 брейкпен (12 брейк-пойнт) көзге түсті.
Тимофей Скатов ширек финалға шығу үшін әлемнің 122-інші, доданың 3-ракеткасы, италиялық Франческо Пассаромен таласады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Александр Бубликтің әлемдік рейтингіде ТОП-40-қа жуықтағанын жазған болатынбыз.